5 маусым. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 5 маусым күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Фото: Kazinform

ЕСІМДЕР

55 жыл бұрын (1969) Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының бас директоры Берік Сақбайұлы АРЫН дүниеге келді.

Фото: egemen.kz

Алматы облысында туған. 1994 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Филология» мамандығын, 2007 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетінің «Құқықтану» мамандығын тәмамдаған.

Еңбек жолын 1994 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігі Орта, Таяу Шығыс және Африка басқармасының референті лауазымынан бастады. 1994-1995 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігі Орта, Таяу Шығыс және Африка басқармасының атташесі, 1996-2001 жылдары Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшілігінің атташесі, үшінші хатшысы, екінші хатшысы, бірінші хатшысы лауазымдарында жұмыс атқарды. 2001-2002 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігі Екіжақты ынтымақтастық департаментінің бөлім бастығы, 2002 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігі Азия, Таяу Шығыс және Африка департаментінің бөлім бастығы, 2002-2006 жылдары Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы Елшілігінің кеңесшісі, 2006-2007 жылдары ҚР Президент Әкімшілігі Сыртқы саясат орталығының бас инспекторы, 2007-2009 жылдары ҚР Парламенті Сенаты Парламентаралық байланыстар және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған. 2009-2011 жылдары ҚР Парламенті Сенаты Аппараты басшысының орынбасары лауазымында болды. Осы қызметте Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің ұйымдастырушылық сұрақтарына жауапты болды. 2011-2016 жылдары Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, 2012-2016 жылдары Араб Мемлекеттері Лигасы жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты Өкілі, 2012-2016 жылдары Қазақстан Республикасының Марокко Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарған.

2015 жылғы сәуірден 2016 жылғы қазан айына дейін — ҚР-ның Алжир Халық Демократиялық Республикасындағы, Тунис Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарған. 2016-2018 жылдары ҚР дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі лауазымын атқарды. 2018-2019 жылдары ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі, 2019-2024 жылдары Қазақстан Республикасының Бахрейн Бахрейн Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі.

Қазіргі қызметін 2024 жылғы қарашадан бері атқарып келеді.

2012 жылы «Құрмет» орденімен марапатталған.

53 жыл бұрын (1971) Қостанай облысының прокуроры Берік Рахатұлы ӘБІЛОВ дүниеге келді.

Фото: Қостанай облысының прокуратурасы

Талдықорған облысының Жаркент қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1993 жылы Талдықорған қаласы прокуратурасында тағылымдамадан өтуші қызметінен бастаған.

Алматы қаласы прокуратурасының тергеушісі, аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі, Бас прокуратураның басқарма бастығы, қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары лауазымдарын атқарды. Қаржы полициясы органдарында басшылық лауазымдарда жұмыс істеді. 2018-2021 жылдары Нұр-Сұлтан қаласы прокурорының бірінші орынбасары лауазымын атқарды.

Қазіргі қызметінде – 2021 жылдың мамыр айынан бері.

52 жыл бұрын (1972) белгілі қазақстандық палуан, Әлем және Олимпиада ойындарының чемпионы Юрий Васильевич МЕЛЬНИЧЕНКО дүниеге келді.

Фото: olympic.kz

Қырғызстанның Жалалабад қаласында туған. Қазақ спорт және туризм академиясын бітірген, жаттықтырушы-оқытушы.

Қазақстанның 7 дүркін чемпионы; Азияның 3 дүркін чемпионы (1995, 1996, 1997); Азия ойындарының чемпионы (Хиросима, 1994); Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (Прага, 1995; Афины, 1999); 57 келіге дейінгі салмақтағы XXVI Олимпиада ойындардың чемпионы (Атланта, 1996); әлем чемионы (1994, 1997); жастар арасындағы әлем чемпионы (1990, 1991); грек-рим күресінен ҚР чемпионы (1994, 1995); ІІ Шығысазиялық ойындар чемпионы (1991); ІІ Орталықазиялық ойындар чемпионы (1997).

Бапкер ретінде XXVIII Олимпиадалық ойындардың күміс жүлдегері Георгий Цурцумияны тәрбиеледі.

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденімен марапатталған.