Орталық мәліметінше, алаяқтар 18 жастан асқан азаматтардың қарыздарын бірден кешіруге уәде береді. Ақпараттың шынайы екеніне сендіру үшін мемлекеттік рәміздерді пайдаланып, пайдаланушыларды профильдегі сілтемеге өтуге шақырады.
Мамандар күдікті сілтемеге техникалық талдау жүргізіп, бірнеше қауіпті белгіні анықтады.
Алаяқтар жасаған сайт өзін ресми әлеуметтік көмек көрсету сервисі ретінде таныстырады. Алдымен пайдаланушыдан туған жылын енгізуді сұрайды. Кейін оның бағдарлама талаптарына сәйкес келетіні туралы хабарлама көрсетіп, Telegram желісіне бағыттайды.
Сайтта кері санақ таймері де орналастырылған. Бұл пайдаланушыны уақыт шектеулі екеніне сендіріп, асығыс шешім қабылдауға итермелеу үшін жасалған.
Ең қауіптісі, Telegram арқылы авторизацияны растаған адам бөгде тұлғаларға өз аккаунтына, жеке хат алмасуларына және оған байланысты деректерге қол жеткізуге мүмкіндік беруі мүмкін.
Техникалық тексеру кезінде VirusTotal платформасындағы LevelBlue сервисі күдікті ресурсты фишингтік сайт ретінде, ал alphaMountain.ai мен Fortinet спам ретінде жіктеген.
Сонымен қатар тексеру сәтінде сайт доменінің тіркелгеніне небәрі 17 күн болғаны анықталды. Мамандардың айтуынша, доменнің жақында тіркелуі өздігінен алаяқтықты дәлелдемейді. Алайда басқа белгілермен бірге бұл жағдай күдік тудырады.
– Алаяқтар азаматтарды өз айласына түсірудің әр кезеңін мұқият ойластырады. Олар қарыздарды есептен шығаруға, қаржылай көмек көрсетуге уәде береді немесе қоғамдағы өзекті мәселелерді пайдаланып, адамдардың сеніміне кіруге және оларды өздеріне қажетті әрекеттерге итермелеуге тырысады, – деп ескертті Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы.
Мамандар күдікті сайттарды анықтау үшін ең алдымен домен атауына назар аударуға кеңес береді. Қазақстанның ресми мемлекеттік интернет-ресурстары .gov.kz домендік аймағын пайдаланады. Ал .cfd, .xyz, .top немесе .click сияқты бейтаныс домендік аймақтармен аяқталатын сайттарды мұқият тексеру қажет.
Сайтта мемлекеттік рәміздердің, ресми логотиптердің немесе қорғалған қосылым белгісінің болуы оның мемлекеттік органға тиесілі екенін білдірмейді.
Сондықтан несиелер мен айыппұлдарды есептен шығару туралы ақпаратты тек мемлекеттік органдардың ресми дереккөздерінен тексерген жөн.
Егер азамат күдікті сілтемеге өтіп, Telegram арқылы авторизацияны растап қойған болса, қосымшаның параметрлерінен белсенді сеанстарды тексеруі керек. Бейтаныс құрылғыларды өшіріп, екі кезеңді аутентификацияны қосу ұсынылады.
Орталық мамандары азаматтарды қаржылай көмек туралы күмәнді уәделерге сенбеуге, жеке деректерін жарияламауға және белгісіз сайттарға аккаунттарына кіруге рұқсат бермеуге шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін Бас прокуратура Telegram аккаунттарын иемденуге бағытталған алаяқтықтың жаңа тәсілі туралы ескерткен еді. Қаскөйлер жалған хабарламалар мен күмәнді сілтемелер арқылы пайдаланушылардың растау кодтарын алуға тырысады.