5 мыңға жуық қазақстандық оқушының оқу сауаттылығын зерттеу аяқталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ақпараттық-талдау орталығы» АҚ Қазақстандағы PIRLS -2016 (Рrogress in international reading literacy study) халықаралық зерттеуін өткізуді аяқтады.

«Еліміздің 172 мектебінің 4 944 төртінші сынып оқушылары бірегей тапсырмаларды орындап, бастауыш сынып оқушыларының оқу сауаттылық деңгейін анықтайтын сұрақтарға жауап берді. Сауалнамаға төртінші сынып оқушыларының ата-аналары, сынып жетекшілері мен мектеп директорлары қатысты. Зерттеуге белсенді қатысқан біздің оқушылар мен олардың ата-аналарына үлкен алғысымызды білдіреміз», - деп хабарлады аталған орталықтан.

PIRLS-2016 халықаралық зерттеуінің барлық материалдары Халықаралық консорциумға жолданады. Берілген зерттеуге қатысушы мемлекеттердің нәтижелері 2017 жылдың желтоқсан айында IEA-мен ұсынылады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, аталмыш зерттеуге әлемнің 250 000 бастауыш сынып оқушылары қатысады. Барлық елдер үшін бірыңғай тестілеу уақыты белгіленген, яғни, тестілеу 80 минут 10 минуттық үзіліспен жүргізіледі. Әрбір қатысушыға екі түрлі мәтін ұсынылады. Әдеби мәтін - бұл қызықты оқиға немесе ертегі ретінде ұсынылады, ал екіншісі - ғылыми-ақпараттық бағыттағы мәтіндер болады. Онда жануарлар туралы әңгімелер қамтылмақ.

Оқу сауаттылығы нәтижесі екі позиция бойынша бағаланады - әдеби оқу тәжірибесі және ақпаратты игеруі мен пайдалана білуі.

PIRLS зерттеуінің үйлестірушісі болып табылатын Оқу жетістіктерін бағалау жөніндегі халықаралық қауымдастық (IEA) бастауыш сынып оқушыларының оқу сауаттылығы деңгейіне әсер ететін сыртқы факторлардың дәрежесі бойынша талдауын ұсынады. Зерттеу 2016 жылғы 4-30 сәуір аралығында жүргізілді. Зерттеу бес жылда бір рет өткізіледі.