5 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2023 жылғы 5 наурызға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР


Халықаралық балалар теледидары мен радиосы күні

ЮНИСЕФ бұл мерекені 1991 жылы енгізді. Алғашында ол желтоқсан айында атап өтілсе, 2009 жылдан бастап оны мерекелеу наурыздың бірінші жексенбісіне ауыстырылды.

Мерекенің басты мақсаты – дүние жүзіндегі барлық бұқаралық ақпарат құралдарын балалар мәселесіне көбірек көңіл бөлуге шақыру. Бұл күні балаларға арналған теле- және радиобағдарламалар шығаратын барлық қызметкерлер кәсіби мерекесін атап өтеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1996 жылы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры «Ақан сері-Ақтоқты» пьесасының (режиссер Ж. Омаров) қойылымымен ашылды. Сол жылы театрға Ш. Құсайыновтың есімі берілді. Театрдың алғашқы көркемдік жетекшісі, бас директоры - М. Оспанов.

2010 жылы Жапонияның ғылыми-технологиялар орталығы болып есептелетін Хоккайдо аралында орналасқан Саппоро қаласында Қазақстан Республикасы Құрметті консулдығының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

2010 жылы Брюссельде ҚР Елшілігі мен Еуропалық халықаралық қатынастар институты «Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы» тақырыбында конференция өткізді.

2011 жылы Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан әйелдерінің съезі өтті. Съезді ҚР Президенті жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демография саясаты Ұлттық комиссиясы ұйымдастырды.

2012 жылы Астанада Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығы Біріккен халықаралық комиссия (ағыл. Joint Commission International, қысқаша JCI) ресми тұжырымын алды. Бұл посткеңестік кеңістікте осындай мәртебелі дәрежеге жеткен алғашқы клиника. Әлемде JCI аккредитациясынан өткен 300-ге жуық медициналық мекеме бар.

2012 жылы Швейцарияның Женева қаласында Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіруі бойынша келіссөздер өтті.

2013 жылы Қазақстан мен Жетісу өңірінің танымал жерлерін көруге мүмкіндік беретін бірегей туристік маршрут ашылды.

2014 жылы қазақстандық паралимпиадашылар Ресейдің Сочи қаласында өткен «Қысқы Паралимпиада - 2014» ойындарына еліміздің спорт тарихында алғаш рет алты жолдама жеңіп алды.

2018 жылы Бішкек қаласында өткен грэмплингтен Азия Чемпионатында Қазақстан Республикасының құрамасы 30-дан астам медаль (12 алтын, 12 күміс және 9 қола) еншілеп, жалпы есепте бірінші орын алды. Чемпионат алғаш рет Олимпиада ережелері бойынша (грек-рим күресі және еркін күрес) өткен.

2020 жылы Халықаралық әйелдер экономикалық форумы (ӘЭФ) аясында танымал қазақстандық журналист және фильм продюсері Ақмарал Баталова «Ерекше артықшылығы бар әйел» номинациясында марапатқа ұсынылды.

Журналист бұл марапатқа Сирия Араб Республикасындағы гуманитарлық дағдарысты объективті түрде көрсеткені және Қазақстанның халықаралық аренада бітімгершілік рөлін танымал еткені үшін ие болды.

2022 жылы Халықаралық Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры түркі халықтарының сан ғасырлық мәдениеті мен тарихын дәріптеу мақсатында «Үш Озан бірге» (озан – ақын-әнші) жаңа жобасы аясында түркі әлемінің үш ақыны – Жүніс Әміре, Ашық Алескер және Жамбыл Жабаевтың мерейтойына байланысты пошта маркаларын шығарды.

Маркалар дизайнын әзербайжандық суретші Орхан Гараев жасаған, онда ақындардың портреттері бейнеленген.