5 облыста республикалық маңызы бар 6 жолдың бөлігін су басты – Қазавтожол

АСТАНА. KAZINFORM - 5 сәуір сағат 13:00-дегі жағдай бойынша халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында 5 облыстың (Ақмола, Атырау, СҚО, Павлодар, Қостанай) 6 жол жүру учаскесінде жалпы ұзындығы 4040 метр болатын жол бөлігін қарғын су басты.

Фото: видеодан алынған скрин

«ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, жолды су басуына күнің күрт жылынып, соның салдарынан қардың еруі себеп болған.

Сондай-ақ 6 облыстағы (Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Павлодар, Маңғыстау, СҚО) республикалық маңызы бар 9 автомобиль жолында (ұзындығы 534 км) көлік қозғалысына шектеу қойылды.

«Қазіргі таңда республикалық жолдарда 764 бірлік техника мен 1844 адам жұмылдырылған»,-делінген хабарламада.