5 өңір бөлінген нысаналы трансферттерді игере алмаған

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 5 өңір бөлінген нысаналы трансферттерді игере алмады. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бүгін Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жергілікті бюджеттердің кірістері 118 пайызға атқарылды және 3,5 трлн теңгені құрады. Жоспар 542 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 497 млрд теңгеге асыра орындалды. Кірістер бойынша жоспарлар барлық өңірлерде асыра орындалды», - деді Ерұлан Жамауаев.

Ведомство басшысының дерегінше, жергілікті бюджеттердің шығыстары 6,7 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны - 83 млрд теңге.

«Биыл өңірлерге 2 трлн теңгеге жуық нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 тамызға 891 млрд теңге бөлінген. Оның 97,4 пайызы игерілген. Игерілмегені – 23 млрд теңге. Ең көп игерілмеу Астана қаласы, Атырау, Жетісу, Қарағанды және Алматы облыстарында қалыптасты», - деді министр.