5 жылда елімізде ажырасу саны 7,5 мыңға төмендеді
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, елімізде ерлі-зайыптылардың ажырасуы 2000-2019 жылдары аралығында үздіксіз өсіп отырды. Ал 2020 жылдан бастап ажырасу саны азая түсті. Осыған орай Kazinform неке және ажырасу заңдылығының мән-жайын ашуға тырысып көрген еді.
Елордада неке қиятын жастардың қарасы қалың
Отбасын құру – бұл өте жауапты қадам. Әдетте адамдар мұндай қадамға жан-жақты ойланып, саналы түрде барады. Алайда, өкінішке орай некенің бәрі сәтті болып, ерлі-зайыптылар өмірлерінің соңына дейін бірге бола бермейді. осы орайда еліміздегі некелесу мен ажырасуларға қатысты цифрлық деректерге көз жүгіртіп көрген едік.
Сонымен, соңғы 25 жылдың ішінде еліміздегі ең көп неке 2013 жылы қиылып, сол уақытта 168 447 жұп шаңырақ көтерді. Көрсеткішке пандемия да әсерін тигізбей қоймапты. Айталық, 2020 жылы - 128 839, ал 2021 жылы 140 256 неке қиылған екен. Демек, көптеген жұп вирус «сынағынан» шыңдалып шығып, шаңырақ көтеру шешімін қабылдаған. Карантин адамдарды «біріктіре» түскендігін өзге де статистикалық деректерден байқауға болады: 2021 жылы 2020 жылға қарағанда 40 мың бала көп дүниеге келді.
Дегенмен, «неке және бэби-бум» өткеннен кейін цифр бірдей төмендей бастады: 2022 жылы азаматтардың хал актілерін тіркеу органдары 2021 жылмен салыстырғанда 8,5 пайызға аз неке тіркеді – 128,4 мың. Ал 2023 жылы оның алдындағы жылмен салыстырғанда тағы 5,9 пайызға азайып, 120,8 мың неке тіркелді. Тек 2024 жылы ғана 2,2 пайызға өсті. Сол жылы 12,6 мың жұп отбасын құрды.
Бір қызығы, соңғы 3 жыл қатарынан Астана Қазақстан қалалары ішінде ең көп неке қиылатын шаһар атағын ешкімге бермей келе жатыр.
Адамдардың басым бөлігі алғаш рет некелесетіндігі түсінікті. Ал ажырасқандардың арасында қайта отау құрғандардың қатарында ерлердің қарасы қалың. Әйелдер екінші мәрте қиюға асыға бермейді. Айталық, 2023 жылы алғаш рет отау құрғандардың 78,2 пайызы ерлер және 79,4 пайызы әйелдер болған. Ал ажырасқаннан кейін некені қайта тіркеген ерлердің үлесі - 20,4 пайызды, әйелдер 18,9 пайызды құрайды. 2024 жылы ажырасқан ерлердің 20,8 пайызы қайта шаңырақ көтерсек, әйелдердің 19,4 пайызы некелерін қайталап қидырды.
Статистика көрсетіп отырғандай, Қазақстан да әлемдік тенденциядан артта қалып отырған жоқ. Елімізде де орта жаста неке қиюшылар саны артып келе жатыр: егер 2014 жылы бойжеткендер алғаш рет орташа есеппен 24,6 жаста, ал ерлер 27,1 жаста, 2024 жылы қыздар 25,2 жаста тұрмысқа шықса, ерлер 27,9 жаста үйленген.
Ең қиыны – отбасылық өмірдің алғашқы жылдары
Елімізде жыл сайын ондаған мың жұптың бас қосып, шаңырақ көтеріп жатқандығы қуантады. Алайда, өкінішке орай ажырасушылардың да қатары азаймай тұр. Әрине, көрсеткіштің төмендеп келе жатқаны да байқалады. Айталық, егер 2000 жылы барлығы 27 391 жұп ажырасса, 2024 жылы олардың саны 40 569-ға жеткен. Ал соңғы 25 жылдың ішіндегі ең жоғары көрсеткіш 2019 жылы тіркелген – 59 796 ерлі-зайыпты ажырасып кетті.
Дегенмен, соңғы 5 жылдың статистикасына көз жүгіртер болсақ, онда отандастарымыздың арасында ажырасу көрсеткішінің азая бастағанын байқау қиын емес: 2020 жылы – 48 002, 2021 жылы – 48 239, 2022 жылы – 44 519, 2023 жылы 40 227 жұп ажырасқан. Яғни, 2022 жылы олардың саны 7,7 пайызға, ал 2023 жылы тағы 9,6 пайызға азайды. Төмендеу тенденциясы жалғасып келеді. Бұл қуантарлық жайт.
Жылдарға қарамастан ауылдық жерлердегі ажырасу коэффициенті барлық уақытта да қалалық жерлерге қарағанда төмен болып келеді. Дегенмен, ауылдық жерлерде қалаға қарағанда халық саны аз, соған орай некелесу де төмен. Мәселен, 2023 жылы қалаларда 80 мың неке (66,2 пайыз), ал ауылдық жерлерде 40,8 мың (33,8) неке тіркелген. Ажырасу бойынша да деректер шамамен пара-пар: 2024 жылы қалаларда 30,1 мың (74,4 пайыз), ауылдық жерлерде 10,4 мың жұп ажырасқан.
Ажырасудың ең жоғары деңгейі 1 000 адамға шаққанда 3,12 коэффициентпен (2024 жыл) Шығыс Қазақстан облысында тіркелді. Ал соңғы ажырасудың ең төмен деңгейі Түркістан облысында байқалады – 1 000 адамға шаққанда тиісінше 0,98, 0,89 және 0,90 ажырасу.
Тәжірибе көрсетіп отырғандай, бірге тұрып жатқанына көп бола қоймаған ерлі-зайыптылар жиі ажырасып кетеді: өткен жылы ажырасулардың ең үлкен үлесі (35 пайыз) некеде тұрғандарына 1-4 жыл болған отбасылар арасында тіркелген. Ал шаңырақ көтергендеріне 5,9 жыл болғандар арасындағы ажырасу үлесі 25 пайызды құраса, ажырасулардың тағы 8 пайызы неке қиылған алғашқы жылдың ішінде-ақ тіркелген. 2023 жылы да осыған ұқсас жайт орын алған: шаңырақ көтергендеріне 1-4 жыл болғандардың 34,9 пайызы, үйленгендеріне 5,9 жыл болғандардың 26,9 пайызы ажырасып кеткен.
Мұндай жайтты психологтардың әлемдік статистикасы да растайды: ерлі-зайыптылар отбасылық өмірдің қиыншылықтарын үйленгендеріне 1-3 жыл болған аралықта ауыр еңсереді.
Бұған дейін елімізде некеге тұрудың ең төменгі деңгейі қай өңірде екеніне шолу жасаған едік.