5 жылда геологиялық барлау жұмыстарына 12 млрд теңге шетел инвестициясы тартылды
АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылы өткізілген жер қойнауын пайдалану құқығына арналған аукциондардың қорытындысында ел бюджетіне 5,7 млрд теңгеден астам қаржы түсті. Бұл туралы агенттіктің ресми сауалына орай Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінен мәлім етті.
Ведомство дерегіне сәйкес, соңғы жылдары елімізге төмендегі инвесторлар келді:
Rio Tinto Mining and Exploration Limited — Ұлыбритания;
FMG International Exploration PTE. LTD. — Австралия;
Arras Minerals Corp. - Канада;
FQM Kazakhstan limited — Канада;
Skyfall LTD — Ұлыбритания;
Sarytogan graphite Limited — Австралия;
Pallas Resources Limited — Ұлыбритания;
Бартош Томаш Карыковски — Ұлыбритания;
Нidden Owl Pty Ltd — Ұлыбритания;
Ivanhoe Mines Limited — Ұлыбритания;
East Star Resources PLC — Ұлыбритания;
IG Asia LLC — Австралия — Сингапур;
Esan — Түркия.
- Жоғарыда аталған шетелдік инвесторлар одан ары игеру үшін жер учаскелерін геологиялық барлау жобаларын жүзеге асырады. Осыған байланысты инвесторлар қатты пайдалы қазбаларды барлауға қажетті лицензия алған. Жер қойнауын пайдаланушылардың есеп беру деректеріне сәйкес, аталған инвесторлардың геологиялық барлауға салған инвестициясының жалпы көлемі шамамен 12 млрд теңгні құрайды: 2021 жылы — 3,4 млрд теңге, 2022 жылы — 4,6 млрд теңге, 2023 жылы — 4,0 млрд теңге. 2024 жылғы мәліметтер жоқ. Өйткені, өткен жылдың есебінен жер қойнауын пайдаланушылар 2025 жылдың 30 сәуіріне дейін ұсынады, - деп түсіндірді министрліктен.
Қазақстанға юниор компаниялар мен әлемдік алыптар келді: Fortescue, Barrick, BHP, First Quantum Minerals. Ал Rio Tinto мен отандық компаниялар іздеу алаңдарын ұлғайтты.
Бүгінде RioTinto мен Fortescue 13 мың шаршы шақырым аумақты зерттеп жатыр. Геологиялық барлауға жұмсаған инвестициясы 9 млрд теңгеге жуықтайды.
Корейлік KIGAM институты «Тау-кен Самұрық» компаниясымен бірлесіп, Арал маңында литий іздеу жұмыстарына кірісті. Сонымен қатар Barrick, BHP, Teck, First Quantum компаниялары да халықаралық ауқымдағы кен орындарын табу мақсатында жер қойнауын барлау жұмыстарын жүргізуде.
- Тек 10 шетелдік компания ғана геологиялық барлауға шамамен 41 млрд теңге инвестиция салуды жоспарлап отыр. Бұл 25 мың шаршы шақырымнан астам аумақты зерттеуге мүмкіндік береді. 2024 жылы өткізілген аукциондардың қорытындысында бюджетке жалпы түсім сомасы 5,7 млрд теңгеден астам болды. Мұнан бөлек, осы жылдың 29 қаңтарында өткізілген 21 кен орны бойынша аукцион қол қойылатын бонусының жалпы сомасы 20 млрд теңге болатын жеңімпаздарды анықтады, - деп атап өтеді министрліктен.
Бұған дейін Қанат Шарлапаев қандай пайдалы қазбалар бойынша геологиялық барлау жүргізу қажеттігін айтқан болатын.