Футбол: 50 Cent, Nelly, Diplo ӘЧ-2026 концерттерінің хедлайнерлері болады

АСТАНА. KAZINFORM – Sports Illustrated футболдан әлем чемпионаты кезінде ауқымды концерттер мен VIP-кештер сериясын ұйымдастырады. АҚШ-тың төрт қаласында өтетін іс-шаралардың басты жұлдыздары ретінде 50 Cent, Nelly, The Chainsmokers, Diplo және Gordo өнер көрсетеді, деп хабарлайды Kazinform Associated Press агенттігіне сілтеме жасап.

Фото: idman.biz

Sports Illustrated футболдан әлем чемпионатына орай ұйымдастырылатын SI Beyond the Pitch атты жаңа музыкалық жобаны жариялады. Концерттер мен VIP-кештер Лос-Анджелес, Даллас, Майами және Нью-Йорк қалаларында өтеді.

Жобаның ашылуы 12 маусымда Лос-Анджелестегі Hollywood Palladium концерт залында өтеді. Бұл кеште Nelly өнер көрсетеді. Кейін серия Далласта жалғасады – 20 маусымда SILO клубында Gordo шоуы ұйымдастырылады.

26 маусымда Майамидегі DAER алаңында The Chainsmokers дуэті сахнаға шығады. Ал финалдық кеш 18 шілдеде Нью-Йорктегі Cipriani Wall Street ғимаратында өтеді. Онда 50 Cent пен Diplo өнер көрсетеді.

Джо Зильберцвейг алдағы әлем чемпионатын «бір буынның басты спорттық оқиғасы» деп атады. Оның айтуынша, ұйымдастырушылар әлемдік футбол турнирінің атмосферасын түнгі шоу мен жанкүйерлерге арналған VIP-ойын-сауықпен ұштастыруды көздеп отыр.

Жаңа жоба Sports Illustrated-тың Super Bowl демалысы кезінде өткен SI The Party кешінің жетістігінен кейін іске қосылып отыр. Ол кеште The Chainsmokers пен Ludacris өнер көрсеткен. Қонақтар қатарында Justin Bieber, Travis Kelce және Ciara болған.

Сонымен қатар әлем чемпионатында бірден үш ашылу салтанаты өтетіні белгілі болды. Мұндай шешімді FIFA турнирді қабылдайтын елдердің тең мәртебесін көрсету үшін қабылдаған.

The Athletic мәліметінше, әр елдегі алғашқы матч алдында жергілікті жұлдыздардың қатысуымен арнайы шоу ұйымдастырылады. АҚШ-та Katy Perry, Канадада Michael Buble, ал Мексикада Mana өнер көрсетеді.

Еске салсақ, бұған дейін Шакира 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының ресми әнін таныстырды. Dai Dai атты трек нигериялық орындаушы Burna Boyмен бірге жазылған.