50-ден астам қарағандылық студент бизнес-мектептердегі оқуын бітіріп, кәсібін ашты
09:25, 21 Желтоқсан 2017
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысындағы колледждердің жанынан 23 бизнес-мектеп ашылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Болашақ бизнесмендерге арналған осы мектептердің ашылуына өңірдің білім басқармасы және Кәсіпкерлер палатасы ұйытқы болды.
«Мектептер 600-ден астам оқушыны қамтиды. Жастар сарапшылардың кеңесін тыңдайды, өз идеяларын жетілдіреді, пікір алмасады», - дейді Қарағанды облыстық білім басқармасындағылар.
Бизнес-мектептер 16 мемлекеттік және 7 жекеменшік колледждің жанынан ашылған. Олардың студенттері өңірлік Кәсіпкерлер палатасының базасында өздерінің жобаларын қорғайды.
Бизнеске баулитын мектептердің пайдасы көрініп-ақ тұр: қазірге дейін 50-ден астам студент жеке кәсібін дөңгелетіп отыр.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бастамашыл болған «Жас кәсіпкер мектебі» жобасының аясында бес колледж және екі ЖОО-ның 65 студенті білім алды.