50 мың адам жиналады деп күтілген рок-фестиваль өтпейтін болды

АЛМАТЫ. Тамыздың 3-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Тамыздың 7, 8-і күндері Алматы маңындағы Өтеген батыр кентінде өтеді деп жоспарланған «AppleRock» рок-фестивалі биыл өткізілмейтін болды.

Бұл туралы ҚазАқпаратқа фестивальдің ұйымдастыру комитетінен хабарлады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай «AppleRock» еліміздегі ең ірі рок фестиваль болады деп жоспарланған еді. Оған Ресейдің «Океан Эльзы», «Чиж и Со», «Смысловые Галлюцинации», «Крематорий», «Lucky Wheel", «7 раса», «Animal Jazz", «Zdob si Zdub, Александр Ф.Скляр, «Пилот», «Кирпичи», «Лампасы», «Приключения Электроников», «Тараканы» сынды танымал топтары мен қазақстандық «MotorRoller" және «Аномалия» топтары қатысатын болған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің өткізілмей қалуына басты себеп - фестиваль өтетін аудан әкімшілігінің ауқымды шара кезінде төтенше жағдай қалыптасуы мүмкін деп қауіптенуі болған. Фестивалді ұйымдастырушылар сатылған билеттердің ақшасы қайтарылатынын айтады. Билеттерді сатып алған орындарға қайта өткізуге болады.