500 адам құжатты заңсыз алған: Шымкентте жүргізуші куәлігін сатқандар сотталды

Фото: Татьяна Корякина \ Kazinform

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте жүргізуші куәлігін заңсыз беру фактісі бойынша ұзақ уақытқа созылған сот отырысы аяқталды. Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері мемлекеттік қызметті табыс көзіне айналдырып, жүргізуші куәлігін міндетті емтихансыз беріп келген.

Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында үкім шықты. Іске барлығы 15 адам қатысты. № 2 Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының 4 қызметкері бір жылдан 6 жыл 8 айға дейін бас бостандығынан айырылды. Делдал болған тағы 10 айыпталушы түрмеден босатылды. Олардың кейбіреуі кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты рақымшылыққа іліккен.

Іс бойынша басты айыпталушы № 2 Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының бұрынғы басшысы Жомарт Мұрәшімов бірнеше ай бұрын қайтыс болған. Ол 18 тамыз күні тергеу изоляторында денсаулығының күрт нашарлағанына шағымданып, келесі күні ауруханада көз жұмған.

Тергеу барысында 2023-2024 жылдары Жомарт Мұрәшімов бастаған мемқызметкер тұрақты сыбайлас жемқорлық схемасын ұйымдастырғаны анықталды. Олар теориялық және тәжірибелік емтихандарды болдырмай, жүргізуші куәлігін сатып келген.

Судья Самидин Теміралиев үкімді жариялай отырып, іске қатысушылардың келісіп әрекет еткенін атап өтті.

Фото: Татьяна Корякина \ Kazinform

— Сотталғандар сыйақы үшін орталыққа келген азаматтарға түрлі көмек көрсетті. Кейбіреуін оқытты, тағы кейбірін дайындады. Олар қаражат үшін топ ұйымдастырушыларының нұсқауы бойынша келген азаматтардың теориялық және практикалық емтихандарын сәтті тапсыруын қамтамасыз еткен. Құжат алушыларды емтиханда оң нәтижеге жеткізетін жауапты тұлғаларға бағыттаған, — деді судья.

Бұл заңсыз қызметтердің құны 150 000 теңгеден 400 000 теңгеге дейін бағаланған.

Тергеушілердің мәліметінше, кем дегенде 500 адам жүргізуші куәлігін заңсыз алған. Екі жылдың ішінде кіріс 150 миллион теңгеден асты. Тергеу аясында сотталғандардан 200 миллион теңгеден астам қаржы тәркіленді.

Биыл мамыр айында Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен жүргізуші куәліктерін жүйелі түрде заңсыз берумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты.