Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Отандастар кездесуі: Жастар форумы» өтті. Басқосу атажұртқа оралған жастарды Қазақстандағы мүмкіндіктермен жақынырақ танысуына жол ашты.
Форумның басты мақсаты — шетелден келген қазақ жастарының білім мен еңбек нарығындағы әлеуетін ашу, қоғамға бейімделуіне көмектесу және елдегі кәсіби даму мен кәсіпкерлік мүмкіндіктерін таныстыру.
— Бағдарлама аясында мотивациялық сессия ұйымдастырылып, спикерлер жастармен білімнің маңызы, ұлттық құндылықтар, мақсат қою, көшбасшылық, тұлғалық даму және кәсіпкерлік туралы ой бөлісті. Студенттер спикерлерге көкейдегі сұрақтарын қойып, ашық пікір алмасты. Әсіресе Қазақстанда жұмысқа орналасу, кәсіп ашу, білімін жалғастыру және кәсіби ортаға бейімделу мәселелері талқыланды, — деп хабарлайды Отандастар қоры.
Форум аясында қандас студенттердің тың идеяларын қолдауға бағытталған «OQ-startup» шығармашылық байқауының жеңімпаздары да марапатталды. Байқау инновациялық, әлеуметтік және шығармашылық жобаларды анықтап, жастардың бастамаларына қолдау көрсету мақсатында өткізілген.