«500 мыңнан аса көлік жүр»: Астанада кептелісті азайту үшін қандай шара қолға алынды

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елорда жолдарындағы кептелісті азайту үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын айтты.

Әкімнің айтуынша, қалада 437 мың автокөлік тіркелген. Оған қоса, күн сайын қалаға 90 мың транзиттік көлік кіреді.

— Ең көп кептеліс таңғы және кешкі қарбалас уақытта, әсіресе, Есіл және Нұра аудандарында, көпірлерге кіреберістерде, сондай-ақ Мәңгілік ел, Қабанбай батыр, Тұран даңғылдарында, Сарайшық, Қонаев, Достық көшелерінде байқалып отыр. Мәселені шешу үшін әкімдік жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуға арналған егжей-тегжейлі Жол картасын әзірледі, — деді Ж. Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Бұл ретте қысқа мерзімді шаралар да өз нәтижесін берген. Есіл және Нұра аудандарында орналасқан мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың (39 мың қызметкер) жұмыс кестесі өзгертілді.

— Бұл кесте қазан айынан бастап толық көлемде қолданысқа енді, соның нәтижесінде таңғы және күндізгі уақыттағы жағдай жақсарды. Қарбалас сағаттарда қозғалыс жылдамдығы 10-15%-ға артты, бұл жолдардың өткізу қабілетінің артқанын көрсетеді. Негізгі магистральдардағы жүктеме 5-10%-ға төмендеді. Мысалы, қыркүйек айының басында Мәңгілік ел даңғылынан таңғы қарбалас уақытта 4 152 автокөлік өтсе, жұмыс кестесі өзгерген соң, өткізу қабілеті сағатына 4 420 көлікке дейін артты, ал орташа қозғалыс жылдамдығы 2 км/сағ-қа өсті, — дейді елорда әкімі.

Тұран даңғылы бойынша қысқа мерзімді шаралардың арқасында таңғы қарбалас уақытта көліктер саны 1 174-ке артты, орташа жылдамдық 3 км/сағ-қа дейін өсті. Сондай-ақ Сарайшық, Қонаев, Достық және Сығанақ көшелерінде де оң өзгерістер байқалды.

Алайда кешкі уақытта кептеліс сақталып отыр, әсіресе негізгі шығу жолдары мен көпірлерде. Кешкі қарбалас уақытта қозғалыс жылдамдығы өзгеріссіз қалып, қозғалыс қарқыны 4%-ға ғана артқан.

— Қазіргі уақытта қоғамдық көлікпен жасалатын сапарлар үлесі 43%-ды құрайды. Біз бұл көрсеткішті 65%-ға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл көлік жүйесі ең дамыған қалалардың деңгейіне сәйкес келеді, онда бұл үлес 70-80% шамасында. Биыл тәуліктік жолаушылар ағыны 1,1 млн адамға жетті. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 37%-ға көп. Қала тұрғындарының 96%-ы аялдамаларға жаяу жете алады, — деп толықтырды Ж. Қасымбек.

Биыл елордада 422 автобус сатып алынды, автопарк 1 749 автобусқа дейін ұлғайды. Соңғы екі жылда жылжымалы құрамның жартысына жуығы жаңартылған.

— Bus Lane жүйесі қазірдің өзінде 140 шақырым аумақты қамтиды, келесі жылы тағы 30 шақырым қосылады. 2026 жылы коммуналдық және жеке автопарктерге тағы 485 автобус жеткізіледі, олардың 10%-ы — электробустар. Осылайша, автопарктердегі жылжымалы құрамның жалпы саны 2 100-ге жетеді, — деді Жеңіс Қасымбек.

Бұған дейін Жеңіс Қасымбек Астанадағы жеңіл рельсті көлік (LRT) жүйесі алдағы 1-2 айда іске қосылатынын айтқан еді.

Айта кетейік, қараша айында елордадағы халық саны 1,6 миллион адамнан асқан. Бұған дейін Жеңіс Қасымбек қаланың инфрақұрылымы қалай жетілдірілетінін айтқан еді.