54 градус аяз: Қазақстандағы ең суық қыс қашан болды

АСТАНА. KAZINFORM- Қазақстанда ауа райын бақылау тарихындағы ең төменгі температура −54,2 градусқа жеткен. Елдегі метеостанциялардың басым бөлігінде тіркелген суық рекордтары әлі күнге дейін жаңарған жоқ. Kazinform тілшісі өткен ғасырдағы ең қатал қыс мезгілі қай жылдары болғанын және соңғы ондаған жылда еліміздің климаты қалай өзгергенін шолып шықты.

Фото: Kazinform/ЖИ

Қазақстанда ауа райын бақылау XIX ғасырда басталған

Қазақстан аумағында ауа райын арнайы құралдармен жүйелі түрде бақылау басталғанына 170 жылдан асты. «Қазгидромет» РМК бас директорының бірінші орынбасары Әсет Қалиевтің айтуынша, алғашқы метеорологиялық бақылаулар XIX ғасырдың ортасынан бастап жүргізілген.

— Қазақстан аумағында ауа райын арнайы құралдармен жүйелі түрде бақылау 1848 жылы басталды. Сол жылы Қазалыда алғашқы метеостанция ашылды. Кейін 1854 жылы Семейде, 1856 жылы Ырғыз бен Қызылордада, ал 1859 жылы Алматы мен Оралда тұрақты бақылау жүргізіле бастады. XX ғасырдың басына қарай елімізде 28 метеостанция жұмыс істеді, — деді Әсет Қалиев.

Фото: Қaзгидромет

Дегенмен XIX ғасырдағы ауа райын қазіргі кезеңмен бүкіл ел аумағы бойынша салыстыру мүмкін емес. Өйткені ол кезде метеостанциялар әлдеқайда аз болған. Оның үстіне XIX ғасырдағы мәліметтер жекелеген станциялар бойынша ғана сақталған.

Сондықтан «Қазгидромет» Қазақстандағы климаттың өзгерісін бағалау үшін 1941 жылдан бергі үздіксіз бақылау деректерін пайдаланады. Бұл мәліметтер 121 метеостанцияның көрсеткіштері негізінде жинақталған. Ал 1961 жылдан бері шамамен 190 станцияның деректері толық цифрланлған.

Қазақстан тарихындағы ең суық қыс

Қазақстанда 1941 жылдан бергэбақылау кезеңіндегі ең қатал қыс 1968–1969 жылдарға сәйкес келеді. Сол қыста ел аумағында бұрын-соңды болмаған суық тіркелген.

— Бақылау тарихындағы ең суық қыс 1968–1969 жылдары болды. Сол кезеңде ауаның орташа температурасы −19,4 градусқа дейін төмендеп, климаттық нормадан 8,2 градусқа ауытқыды, — деді маман.

Әсіресе 1969 жылдың қаңтары мен ақпаны қатты суық болған. Қаңтарда Қазақстан бойынша орташа температура −23,8 градусқа дейін төмендеген. Бұл климаттық нормадан 11,2 градусқа төмен. Ал ақпанда орташа температура −20,6 градус болып, қалыпты көрсеткіштен 8,6 градусқа төмендеген.

1969 жыл Қазақстанның климат тарихында ерекше орын алады. Өйткені дәл сол жылы 52 метеостанцияда ең төменгі температура тіркелген. Бұл рекордтар әлі күнге дейін жаңарған жоқ. Тағы 34 метеостанциядағы суық рекорды 1951 жылдан бері сақталып келеді.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

−54,2 градус: 1931 жылғы рекорд әлі жаңарған жоқ

Қазақстан тарихындағы ең төменгі температура 1969 жылы емес, одан әлдеқайда бұрын тіркелген.

1931 жылғы 8 қаңтарда Шағанатты метеостанциясында ауа температурасы −54,2 градусқа дейін төмендеген. Бұл — елімізде метеорологиялық бақылау жүргізіле бастағаннан бергі ең төменгі көрсеткіш.

— Қазақстанда ауа температурасы −50 градустан төмен түскен екі метеостанция бар. Соның бірі — Шағанатты станциясы. Мұнда 1931 жылғы 8 қаңтарда −54,2 градус тіркелді. Бұл еліміздегі бақылау тарихындағы абсолютті ең төменгі температура болып саналады. Қазір аталған станцияда бақылау жүргізілмейді. Оның жұмысы 1996–1997 жылдары тоқтатылған, — деді «Қазгидромет» бас директорының бірінші орынбасары.

Екінші ең төменгі көрсеткіш XIX ғасырда тіркелген. 1893 жылдың қаңтарында Астана метеостанциясында ауа температурасы −52 градусқа дейін төмендеген.

Фото: Агибай Аяпбергенов/ Kazinform

Бір қызығы, еліміздегі суық рекордтарының басым бөлігі әлі күнге дейін жаңармаған. «Қазгидромет» мәліметінше, климатты бақылауға пайдаланылатын 188 метеостанцияның 167-сінде 1893–2000 жылдар аралығында тіркелген ең төменгі температура көрсеткіштері 2025 жылдың соңына дейін өзгеріссіз қалған.

Оның ішінде 23 метеостанцияда 1893–1940 жылдары орнатылған рекордтар сақталып отыр. Мәселен, Атыраудағы ең төменгі температура 1909 жылы, Қызылордада 1919 жылы, Петропавлда 1929 жылы, ал Өскеменде 1931 жылы тіркелген.

Қыс ерте түскен жылдар

Қыстың басталғанын анықтауда ауа температурасымен қатар қар түсуі де ескеріледі.

«Қазгидромет» мамандарының түсіндіруінше, алғашқы қардың жаууы қыстың басталғанын білдірмейді. Өйткені ол еріп кетуі мүмкін. Ал қардың тұрақты жататын уақыты әр өңірде әртүрлі. Көпжылдық бақылаулар бойынша Қазақстанның солтүстік облыстарында тұрақты қар жамылғысы көбіне 5–12 қараша аралығында қалыптасады.

— Кей жылдары қар әдеттегіден әлдеқайда ерте немесе кеш түсіп, ери қомайды. Солтүстік және орталық өңірлерде мұндай жағдай қазанның алғашқы жиырма күнінде, ал шығыс өңірлерде қазанның алғашқы онкүндігінде-ақ байқалған, — деді Әсет Қалиев.

Керісінше, қыс кеш келген жылдар да болған. Мәселен, 1971, 1977 және 1996 жылдары еліміздің солтүстік өңірлерінде қар тек желтоқсанның басында ғана түсіп, содан кейін ерімеген.

Ал қардың ең ерте түсіп, ерімей жатқан жылдарын нақты анықтау үшін әр метеостанцияның мұрағат деректерін жеке талдау қажет.

Ең суық және ең жылы күз қай жылдары болды

1941–2000 жылдар аралығындағы ең суық күз 1976 жылы тіркелген. Сол жылы Қазақстан бойынша күзгі орташа температура небәрі 2,1 градус болған. Бұл климаттық нормадан 3,6 градусқа төмен.

Фото: Александр Павский /Kazinform

1993 жылдың күзі де ерекше суық болған. Сол маусымда орташа температура 2,4 градусты құрап, қалыпты көрсеткіштен 3,3 градусқа төмендеген.

Ал XX ғасырдағы ең жылы күз 1971 жылы болған. Сол жылы күзгі орташа температура 8,1 градусқа жетіп, климаттық нормадан 2,5 градусқа жоғарылаған. 1991 және 1997 жылдардың күзі де жылы болған.

Бірақ 2025 жылға дейінгі барлық бақылау дерегін есепке алсақ, ең жылы күз рекорды өзгерген. Қазір бұл көрсеткіш 2023 жылға тиесілі. Сол жылы күздегі орташа температура 8,9 градус болып, климаттық нормадан 3,3 градусқа жоғарылаған.

Жекелеген айлардағы температура рекордтары да әр жылға сәйкес келеді.

Мәселен, ең суық қыркүйек 1949 жылы болған. Сол айдағы орташа температура 11 градусты құраған. Ал ең жылы қыркүйек 1957 жылы тіркеліп, орташа температура 16,9 градусқа жеткен.

Қазан айындағы ең төменгі орташа температура 1976 жылы байқалған. Сол жылы қазанда небәрі 0,5 градус болған. Ал ең жылы қазан 1997 жылы тіркелген. Орташа температура 10,9 градусқа жеткен.

Ең суық қараша 1993 жылы болған. Сол кезде Қазақстан бойынша орташа температура −10 градусқа дейін төмендеген. Ал ең жылы қараша 2023 жылға сәйкес келеді. Сол айда орташа температура 3,2 градус болған.

Желтоқсан айындағы ең төменгі орташа температура 1984 жылы тіркелген. Ол кезде көрсеткіш −19 градусқа дейін төмендеген. Ал ең жылы желтоқсан 2015 жылы болып, орташа температура −3,8 градусты құраған.

Қаңтар мен ақпан айларындағы ең төменгі орташа температура рекордтары 1969 жылға тиесілі.

Айта кетерлігі, 1949–1993 жылдары күз бен қыстың жекелеген айларында, сондай-ақ тұтас маусымдарда тіркелген ең төменгі орташа температура рекордтарының ешқайсысы 2025 жылға дейін жаңармаған.

Бұрын қыс шынымен қатал болған ба

Суық рекордтарының басым бөлігі өткен ғасырда тіркелгеніне қарап, бұрын Қазақстанда қыс қазіргіден әлдеқайда қатал болған деген ой туындауы мүмкін. Бірақ «Қазгидромет» мамандары мұндай тұжырым жасауға асықпау керегін айтады.

— XIX ғасыр мен XX ғасырдың алғашқы жартысындағы бақылау деректері шектеулі болғандықтан, сол кездегі қыстың ұзақтығы мен басталу мерзімін қазіргі кезеңмен бүкіл Қазақстан аумағы бойынша біржақты салыстыру мүмкін емес, — деді Әсет Қалиев.

Соған қарамастан, ұзақ мерзімді бақылаулар Қазақстанда ауа температурасының біртіндеп көтеріліп келе жатқанын көрсетеді. XX ғасырдың екінші жартысынан бастап елімізде жылдық орташа температура тұрақты түрде өсіп келеді.

Мәселен, 2016–2025 жылдар аралығында Қазақстандағы жылдық орташа температура климаттық нормадан 1,69 градусқа жоғары болған.

Ал 2021–2025 жылдар бақылау тарихындағы ең жылы бесжылдық ретінде тіркелді. Бұл кезеңде орташа температура климаттық нормадан 2,12 градусқа жоғарылаған.

2025 жыл тіпті 1941 жылдан бергі ең жылы жыл болды. Жылдық орташа температура климаттық нормадан 2,96 градусқа жоғарылап, 2023 жылғы алдыңғы рекордтан 0,38 градусқа асып түсті.

Қазақстанда ауа температурасы әлемдік орташа көрсеткіштен жылдамырақ көтеріліп жатыр

Климаттың жылынуы күз бен қыс мезгілдерінде де айқын байқалады.

1976 жылдан бері Қазақстанда күзгі орташа температура әр он жыл сайын шамамен 0,30 градусқа, ал қысқы температура 0,31 градусқа көтеріліп келеді. Сонымен бірге ерекше суық болатын күз бен қыс сирек кездесетін болған.

«Қазгидромет» мамандары мұны жаһандық климаттың өзгеруімен және атмосферадағы парниктік газдар мөлшерінің артуымен байланыстырады.

— Қазақстан Еуразия құрлығының ортасында, мұхиттардан шалғай орналасқан, сондықтан климаты шұғыл континенттік болып келеді. Мұхиттардан шалғай орналасқандықтан, олардың ауа температурасын реттейтін әсері Қазақстанға жетпейді. Сондықтан елімізде ауа температурасы әлемдік орташа деңгейден әлдеқайда жылдам көтеріліп жатыр, — деп түсіндірді Әсет Қалиев.

1894–2025 жылдар аралығындағы ұзақ мерзімді метеорологиялық бақылаулар да соңғы 75 жылда Қазақстанда ауа температурасының айтарлықтай көтерілгенін көрсетеді.

Осылайша, еліміздің климат тарихында ондаған жыл бойы жаңармаған суық рекордтары сақталып отыр. Олардың қатарында 1931 жылы тіркелген −54,2 градус аяз бен 1968–1969 жылдардағы ерекше қатал қыс бар.

Ал соңғы жылдары жағдай өзгере бастаған. Күз бен қыстың орташа температурасы біртіндеп көтеріліп, қатты суық болатын маусымдар сирек кездесіп жатыр. Бұрын елімізде аяз рекордтары жиі тіркелсе, қазір керісінше, ең жоғары температура көрсеткіштері жаңарып келеді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазгидромет ЖИ көмегімен ауа райын болжай бастағаны хабарланды.

https://kaz.inform.kz/news/kazgidromet-zhi-komegmen-aua-rayin-bolzhay-bastadi-587b19c4/