55 жыл бұрын әлемде алғашқы рет ғарышқа тәулік бойы ұшу жасалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ғарышқа Герман Титовтың ерлікпен ұшуына кеше 55 жыл толып отыр, деп хабарлады Ю.А.Гагарин атындағы ғарышкерлерді даярлау орталығы.

Герман Степанович Титов - бірінші жасақтың ғарышкері және ғаламшардағы екінші ғарышкер, ең жас ғарышты бағындырушы, ол сол кезде небәрі 25 жасқа толған еді.

Герман Титов 1961 жылғы 6-7 тамыз күндері «Восток-2» ғарыш кемесімен ұшты. Бұл тарихта алғаш рет ұшу ұзақтығы тәуліктен асқан ғарыштың ұшу болатын. 25 сағаттың ішінде Титов Жерді 17 рет айналып, 700 мың шақырымнан астам қашықтыққа ұшып жүрді.

Ұшу кезінде ғарышкер борт жүйесінің жұмысын бақылады, екі рет кемені өзі басқаруды қолға алды, сондай-ақ Жердің және ғарыштың фототүсірілімін жүргізді.

Герман Титов әлемде алғаш рет ғарышта кинотүсірілім жасады, сондай-ақ ұшу кезінде дене шынықтыру жасаған алғашқы ғарышкер болды. Бір қызығы, ол алғаш рет орбитада түстеніп, кешкі асын ішіп, ұйықтады.

Герман Степанович Титовтың тәуліктік ұшу сапары ұзаққа созылған орбиталық экспедицияларға алғашқы қадам және Юрий Алексеевич Гагариннің ұшуынан кейінгі ғарышты зерттеудің келесі кезеңі болды, деп атап өтеді ресейлік ҒДО.