«Бүгінгі той - ерекше той. Қазақтың басынан жақсы да, жаман да өтті. Бұдан 550 жыл бұрын өз алдымызға дербес ел болдық. Содан бері қарай Еділ мен Алтайдың арасын, солтүстіктен Құмдыкөл, оңтүстікте Мырзашөлге дейінгі иен даланы жайлаймыз. Біздің осы дәуірге жеткеніміз де, жетпегеніміз де бар. Жер бетіндегі халықтың қай-қайсысының басында күй мұндай емес. «Біреуді көріп шүкір ет, біреуді көріп пікір ет» деген. Құдайға шүкір қазақ халқының басында шүкіршілік ететін жағдай жеткілікті», - деді Әбіш Кекілбаев.
Сөз арасында Әбіш Кекілбаев Қазақстанның БҰҰ мүшесі болғанын, Еуропадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық еткенін, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болып, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өтетініне назар аударды.
«Мұның бәрін осы дәуірде көрген ел де, көрмеген ел де бар. 550 жыл бұрын дербес ел болған қазақ елінің келешегі кемел. Біз алда тұрған болашағымызға үлкен үмітпен қараймыз. Оның сәулетті де кемел екеніне де көзіміз жетеді. Аман болсақ әлі де талай қызықтарға жетеміз деп сенемін», - деді Әбіш Кекілбаев.