550 жылдығы тойланып жатқан Қазақ хандығы біздің терең тарихымыздың бір дәуірі ғана - М.Жолдасбеков

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үйсін мемлекеті, Қаңлы мемлекеттерінің тарихын айтпағанда, қазақ ұлтының кемінде үш мың жылдық тарихы бар.

Ал 550 жылдығы тойланып жатқан Қазақ хандығы -біздің байтақ, терең тарихымыздың бір ғана дәуірі. Бүгін Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты шара барасында ҚазАқпарат тілшісіне пікірін білдірген мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, филология ғылымының докторы, профессор , академик Мырзатай Жолдасбеков осындай ойын айтты.

«Жалпы, біз небір сұмдықтарды, небір соғыстарды, небір қиындықтарды басымыздан кешкен елміз ғой. Бізді өткені жоқ, тарихы жоқ, жұрты жоқ, көшіп-қонып жүрген қаңбақ сияқты ел қылып көрсетті. Ол, әрине, солақай саясат еді. Ресейге бодан болған үш ғасырдың ішінде біздің тарихымыз табанға тапталды. Ел билеген хандарымызды, билерімізді, даналарымызды, жырауларымызды, бай мен болыстарымызды «ақымақ» қылып көрсетті. Осындай қорлықты көрген халық дүниежүзінде екеу болса, біреуі қазақ, жалғыз болса, ол да қазақ дер едім. Әйтпесе, біз ондай ел емеспіз ғой», - деген қайраткер Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлытау өңіріндегі сұхбатын еске алды.

«Өткен жылы Әулиебұлақтың басында, Ұлытаудың етегінде отырып, Елбасымыз қазаққа арнаған сұхбатында көп дүние айтылды. Елбасы «қазақ тарихы ешкімнен ұялатын тарих емес, біздің ұлы далада бабаларымыз неше түрлі ілгері мемлекеттер орнатқан. Ол - Сақ мемлекеті, Ғұн мемлекеті, одан кейін Түрік қағанатына жалғасады, Түрік қағанаты Алтын Ордаға, Алтын Орда Қазақ хандығына, Қазақ хандығы бүгінгі тәуелсіз Қазақстанға жалғасады» деді. Міне,бұдан артық ештеңе айтудың қажеті жоқ. Үйсін мемлекеті, Қаңлы мемлекетін айтпаған күннің өзінде, біздің кемінде үш мың жылдың тарихымыз бар. Ал 550 жылдығы тойланып жатқан Қазақ хандығы - біздің байтақ, терең тарихымыздың бір ғана дәуірі», - деді сөзін түйіндеген М.Жолдасбеков.