553 млн теңге бөлінді: Мемлекет 80 мың адамды тегін скринингпен қамтиды
АСТАНА. KAZINFORM — Созылмалы және қатерлі аурулар елімізде және әлемде өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі болып отыр. Ауруды ерте кезеңінде анықтау оны емдеуді жеңілдетіп, тиімділігін арттырады.
Осы мақсатта Қазақстанда ұлттық скринингтік бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Бұл туралы Астана қаласы бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының директоры Гүлжан Шайхыбекова мәлімдеді.
Гүлжан Шайхыбекованың айтуынша, бүгінде елімізде бірнеше бағыт бойынша тегін скрининг жүргізіледі.
— Біріншіден, артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті, глаукома және мінез-құлыққа байланысты қауіп факторларына 40 пен 76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер екі жылда бір рет тексеруден өтеді. Екіншіден, сүт безі қатерлі ісігі бойынша 40 пен 76 жас аралығындағы әйелдер екі жылда бір рет маммография жасатады. Қажет болған жағдайда ультрадыбыстық зерттеу немесе биопсия өткізіледі. Үшіншіден, жатыр мойны қатерлі ісігіне қарсы 30 бен 74 жас аралығындағы әйелдер төрт жылда бір рет цитологиялық тест тапсырады, қажет болса, видеокольпоскопия жасалады. Әйелдер бұл тексерулерден міндетті түрде өтуі керек. Барлық шаралар қатерлі ісікті ерте сатысында анықтап, дер кезінде ем жүргізу үшін жасалады. Төртіншіден, ішек қатерлі ісік бойынша 50 мен 76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер екі жылда бір рет, қажет болған жағдайда видеоколоноскопиядан өтеді, — деді Гүлжан Шайхыбекова.
Сонымен қатар ол онкологиялық скрининг қызметтері жаңа заңға сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі пакетіне енгізілгенін атап өтті.
— Онкологиялық скринингтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен алынып, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне енгізілді. Мемлекет есебінен бұл мақсатқа 553 миллион теңге бөлінді. Бұл бағдарлама 80 мыңнан астам азаматты қамтиды. Барлық тексерулер тегін және жоспарлы түрде жүргізіледі. Бұл дегеніміз — сақтандыру мәртебесіне қарамастан әрбір азамат өз емханасында скринингтен өте алады, — деп қорытындылады ол.
Бұған дейін елімізде жыл сайын 600-ге жуық бала онкологиялық ауруға шалдығатынын жазғанбыз.