56 миллион теңге: Қостанай облысында кәсіпорын қызметкерлеріне еңбекақы төлемеген
ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – Қостанай облысында қызметкерлеріне жалақы төлемеген кәсіпорынды прокуратура тексерді.
Қарасу ауданы прокуратурасының сенім телефонына кәсіпорында 56 миллион теңге көлемінде еңбекақы берешегінің бар екені туралы хабарлама түсті.
Қостанай облысының прокуратурасы мәліметінше, қадағалау органы араласқаннан кейін аталған берешек толық көлемде өтеліп, 160 қызметкердің еңбек құқығы қорғалған.
- Азаматтардың өтініштеріне жедел ықпал ету және олардың конституциялық құқықтарын қорғау прокуратура органдары қызметінің басым бағыттары болып табылады. Аудан прокуратурасы еңбек заңнамасы бұзылған жағдайда жұмысшылар мұндай мәселелерді шешу үшін сенім телефонына жүгіне алатынын еске салады, - деді прокуратурадан.
Айта кетейік, кейбір жағдайда жұмыс берушілер қызметкерлерінің еңбекақысын уақытылы төлемей немесе айлап кешіктіріп жатады. Осындай жағдайда жұмысшы берушіні міндетін орындамағаны үшін қылмыстық жазаға тарту мүмкіндігі бар ма? Бұл туралы мына сілтемеден оқи аласыз.