Өңірдегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тек дәнді дақылдарға ғана басымдық беріп отырған жоқ. Аймақта егіс құрылымын өзгерту жұмыстары жалғасуда: бұрын бидай егілген алқаптардың бір бөлігі майлы және мал азықтық дақылдарға берілуде. Сонымен қатар картоп пен көкөніс өсіруге де көбірек көңіл бөлініп отыр. Билік өкілдерінің айтуынша, бұл ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етіп, сырттан келетін жеткізілімдерге тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.
Науқанды өткізу үшін облыста мыңдаған техника дайындалды. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, егіс алқаптарында 8,4 мың трактор, 229 егіс кешені, 4,4 мыңнан астам сепкіш және тағы 10 мыңға жуық өзге техника жұмылдырылады.
Сонымен қатар фермерлер тұқым, тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын сатып алуда. Шығындардың бір бөлігі мемлекеттік қолдау бағдарламалары арқылы өтеледі. Бұдан бөлек, аграршыларға арзандатылған дизель отыны бөлініп, көптеген шаруашылықтар «Кең дала» және «Кең дала 2» бағдарламалары аясында жеңілдетілген несие рәсімдеген.
Биылғы маусымда суармалы егіншілікті дамыту мен су үнемдеу технологияларын енгізуге ерекше назар аударылып отыр. Мамандардың сөзінше, бұл соңғы жылдардағы қуаңшылық пен өңірдегі ауыл шаруашылығына түсетін жүктеменің артуы жағдайында аса маңызды.
Еске салайық, бұған дейін «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Карагойшин биыл фермерлерге 750 млрд теңге бөлінетінін мәлімдеген болатын.