57 пайызы екпе алмаған: Түркістан облысында қызылша жұқтырғандар саны артқан

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында жылдың алғашқы алты айында қызылшаға қатысты 131 күдікті жағдай тіркеліп, оның 47-сі зертханалық жолмен расталды. Өткен жылдың осы кезеңінде 27 жағдай анықталған.

Фото: freepik.com

Өңірде қызылша жағдайларының басым бөлігі Сайрам ауданында – 14, Түркістан қаласында – 11, Сауран және Түлкібас аудандарында 8 жағдайдан тіркелді.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, биыл қызылшамен ауырғандардың 57,4 пайызы, яғни 27 науқас вакцина алмаған. Осыған байланысты өңірде 6-10 айлық және 2-4 жастағы 30 мыңнан астам балаға қосымша жаппай иммундау жүргізілді.

Сонымен қатар облыста А вирусты гепатитінің 25 жағдайы тіркелген. Науқастардың 75 пайызы – мектеп оқушылары. Сырқаттанғандардың жартысы вакцинациядан өтпеген немесе екпе курсын толық алмаған.

– А вирусты гепатитіне қарсы вакцинация екі жастан бастап жүргізіледі. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, арнайы вакцина сатып алынады. Өкінішке қарай тіркелген 25 жағдайдың 12-сінде науқастар екі рет вакцина алған. Мұнда бірнеше фактор болуы мүмкін. Мысалы, балаға вакцина дұрыс салынбауы, вакцинация туралы мәліметтердің дұрыс берілмеуі немесе препаратты тасымалдау кезінде тиісті температуралық режимнің сақталмауы ықтимал. Сондықтан вакцинация талаптарын қатаң сақтау қажет, – деді департамент басшысы Нұрбек Нышанов.

Бұдан бөлек өңірде мақсатты топтағы тұрғындарды вакцинациямен қамту көрсеткіші 39,7 пайыз болды. Бұл белгіленген 47,4 пайыздық межеге жетпейді. Әсіресе Сарыағаш, Келес, Түлкібас, Ордабасы, Мақтаарал, Созақ, Отырар, Шардара аудандарында және Арыс қаласында көрсеткіш төмен.

Бұған дейін Түркістан облысында 900-ге жуық баланың ата-анасы екпе салудан бас тартқанын хабарлаған едік.