59 темір жол вокзалын жөндеуге бюджеттен қаржы бөлінуі мүмкін

Фото: Көлік министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздегі 59 темір жол вокзалын жөндеуге бюджеттен қаржы бөлінуі мүмкін. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев айтты.

«Теміржол вокзалдарына тоқталайын. Осы уақытқа дейін жалпы 59 вокзалды айқындадық. Оның төртеуі - Түркістан, Қызылорда, Шымкент және Павлодар вокзалдары қазіргі уақытта күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Өкінішке қарай, қалғандарына мүлдем қаржы бөлінбеген. Жағдайлары төмен және әр вокзалдың табысын өзін-өзі 50-60 пайыз ғана қамтамасыз ете алады», - деді министр Сенаттың жалпы отырысында депутаттардың сауалына орай.

Оның атап өтінше, бүгінде барлық әкімдік темір жол вокзалдарын жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп жатыр. 

«Жылдың соңында оны (қаржыны) бюджеттен қарастырамыз ба деп отырмыз. Өйткені, «Қазақстан темір жолы» АҚ ақшасы вагон алуға, локоматив алуға жұмсалып жатыр. Мұнда әкімдермен келіскеніміз, ғимараттарды жөндеу үшін қаражатты республикалық бюджеттен қарастырамыз ба деп отырмыз. Ал темір жол вокзалының ауласын әкімдік бюджетінен жөндерміз. Бірақ, жобалық-сметалық құжаттаманы әкімдіктердің өздері дайындап жатыр», - деді Марат Қарабаев.