6,5 млн адам үйлерінен безді: Қазақстан БҰҰ ҚК-да қарулы қақтығыстарға өз ұстанымын білдірді
Дебатта Польшаның Сыртқы істер министрі Яцек Чапутовичтің төрағалығымен, негізгі баяндамашылар ретінде БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш және Халықаралық Қызыл крест ұйымының бас директоры Ив Даккор сөйледі. Шараға ҚК мүшелерімен қатар, 70 мемлекеттің және бірқатар халықаралық ұйымның жоғарғы лауазымды өкілдері қатысты.
Өз сөзінде Ғ.Қойшыбаев Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылдың БҰҰ Кауіпсіздік Кеңесіндегі саяси үндеуіне негізделген ұсыныстарын білдірді. Аталмыш ұсыныстар - қарулы қақтығыстарда азаматтық тұлғаларды қорғауды күшейтуге және халықаралық гуманитарлық құқық нормаларының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған. Ол қауіпсіздік, даму және бірлік арасындағы үздіксіз байланысты қамтамасыз ету барысында қақтығыстардың себебін жою секілді халықаралық және өңірлік деңгейдегі алдын алу шараларының артықшылықтарын айта кетті. Қазақстанның жасап жатқан жұмысының мысалы ретінде, дәл қазір елден материалдық, гуманитарлық және техникалық көмек алып жүрген Ауғанстан айтылды.
2018 жылы 23 мамырда қазақстандық дипломат Қауіпсіздік Кеңесінің Таяу Шығысты реттеу жөніндегі брифингіне қатысқан болатын. Өз сөзінде Астананың Израиль мен Палестина шиеленісінің қосмемлекеттік шешімінің формуласына адал екенін айта кетті, сондай-ақ, тараптарды біржақты әрекеттен аулақ болуға шақырды.