Аталған факті бойынша Алматы қалалық кеден департаментінің қызметкерлері тергеуге дейінгі тексерістер жүргізуде. Бұл туралы Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің баспасөз қызметінен хабарланды.
«Азаматтардың декларация жасамастан кедендік шекара арқылы қолма қол қаражаттарды алып өтпек болу оқиғасы жиі кездеседі. Мәселен, ағымдағы жылдың 6 айында қазақстандық кеденшілер еліміздің кеден шекарасы арқылы валюталарды контрабандалық жолмен алып өтудің 19 фактісін анықтады. Атап айтқанда, азаматтардың кедендік шекарадан өту барысында бақылаудан жасырып өткізбекші болған 4 731 900 теңге, 486 350 доллар және 20 000 еуросы тәркіленді», - делінген баспасөз баянында.
Тоқтала кететін жайт, кеденшілер анықтаған ақшалай қаражаттардың басым бөлігі Алматы халықаралық әуежайында, Қорғас, Қордай және Достық бекеттерінде орын алған.
Осыған байланысты, Кедендік бақылау комитеті белгіленген талаптарды біліп, орындау әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктің алдын алатынын ескертеді. Атап айтқанда, азаматтардың 10 000 долларға дейінгі қолма қол қаражаттарын өздерімен бірге декларациясыз өткізуіне рұқсат берілген.
«Егер құнды қағаздар мен вексельдер өткізілетін болса, номиналды құнына қарамастан олардың жазбаша декларациясы міндетті. Бұл ретте ақшалай қаражаттың заңдылығын растау талап етілмейді», - делінген баспасөз баянында.