6 елдің боксшылары Асқар Құлыбаевтың жүлдесі үшін турнирге қатысуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырауда ҚР бокс федерациясының құрметті президенті Асқар Құлыбаевтың жүлдесі үшін дәстүрлі халықаралық турнир жалауын көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Федерация баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, 2017 жылғы жарысқа Әзербайжан, Ресей, Сирия, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстаннан 100 боксшы қатысып жатыр. Аталған турнир Хиуаз Доспанова атындағы мұз айдыны сарайында өтуде.

Спортшыларға  бокстан КСРО-ның 5 дүркін чемпионы Болат Теміров және Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов сәттілік тіледі.

Спорттық шараның бірінші күнінде жекпе-жектер 60,64 және 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде болды. Бұл санаттарда бәсекелестің деңгейі жоғары, яғни 60 келіге дейінгі дәрежеде 15 боксшы, 64-ке дейінгі салмақта 16 былғары қолғап шебері тартысқа түсіп жатыр. Ал 81 келіге дейінгі санатта тек үш боксшы бақтарын сынайтын болады.

Алдын ала жекпе-жектерде елордалық команданың өкілі Дархан Жұмсақбаев Қырғызстаннан келген қарсыласы Эржан Тұрғынбековтен басым түсті. Алматы облысы атынан шыққан Роман Щегринов ресейлік Динислам Сайпулаевты жарыс жолынан шығарды. Саят Мұратбектің өзбек боксшысы Фарход Павлановпен болған жекпе-жегі 4:1 есебімен Шығыс Қазақстан өкілінің пайдасына шешілді. Осындай есеппен Алматы облысы командасының өкілі Андрей Лейхнер шаршы алаң иесі Қамбар Ғиниятовты жеңді.

Турнирдің ақтық сайысы 5 шілдеде түстен кейін басталады. Жарыстық барлық күнінде онлайн-трансляцияны kfb.kz сайты жүргізеді.