6 қазан. ДҮЙСЕНБІ
Дүниежүзілік табиғи ортаны қорғау күні. 1979 жылы Еуропада жабайы фауна мен флораны, жануарлар жайлаған табиғи ортаны қорғау туралы Конвенция аумағында бектілді. Беларусьте мұрағатшылар күні. Өз жұмысын 1863 жылдан бастаған тұңғыш орталықтандырылған мемлекеттік мұрағат - Витебск көне актілер кітаптарының орталық мұрағаты. Мысыр әскері күні (Қарулы күштер күні). 1973 жылы дәл осы күні Египет әскері Суэц каналын кешіп өтіп, израильдік әскерлерге шабуыл жасады. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 22 жыл бұрын (1992) Алматыда Азиялық тәуелсіз және плюралистік ақпарат құралдарын дамытуға ықпал ету жөніндегі ЮНЕСКО семинары өз жұмысын бастады. 10 жыл бұрын (2004) Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Мемлекеттік ономастикалық комиссия қорытындысы негізінде Қарағанды облыстық мәслихаты Осакаров, Жаңаарқа және Шет аудандары елді мекендерінің атауын өзгерту туралы шешім қабылдады. Октябрь селосы - Қарағайлы, Литвиновка мен Красноармейский ауылдық округі - Есіл, Скобелев ауылдық округі - Сұңқар, Вольский - Сарыөзек, Пролетарский - Ақбұлақ болып өзгертілді. Жаңаарқа ауданының Аппаз ауылына Мұқажан Жұмажановтың, Шет ауданының Жарық теміржол стансасына Сәкен Сейфуллин есімі берілді. 9 жыл бұрын (2005) Қазақстан Республикасы аумағында ғалым, жазушы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының 125 жылдық мерейтойына арналған пошта маркасы айналымға шықты. Таралымы - 245 000 дана. 9 жыл бұрын (2005) Павлодар облысы Лебяжі ауданының Черное ауылындағы көшеге бұрынғы кеңшардың директоры Мұхтар Арыновтың есімі берілді. ХХIII партсъезд атындағы кеңшарды 18 жыл бойы басқарған ол ауылдастарының мұқтаждарына көңіл бөліп отырған. Ол басқарған шаруашылық жоғары көрсеткіштерге жетті, Черное ауылының көшелеріне асфальт төселіп, мектеп, және шаруашылықтың жұмыскерлеріне ыңғайлы үйлер салынды. Ауылдастарының М.Арыновтың есімін мәңгі есте сақтап қалу ниетін жергілікті билік өкілдері қолдады. 5 жыл бұрын (2009) Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында алғашқы жоғары кернеулі трансформатор шығарылды. Қуатты машинаны «Кентау трансформатор зауыты» АҚ жасап шығарған, олар бір жыл ішінде қуаттылығы 25000 кВА жоғары кернеулі трансформаторларды шығаратын жаңа цехты салды. Бұл - отандық энергетика саласындағы инновациялық жоба. Жаңа цех жетекші батыс фирмаларының жоғары технологиялық жабдықтарымен жарақтанған. 5 жыл бұрын (2009) «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының жеке интернет-сайты www.zhasotan.kz ашылды. «Жас Отанның» беделін арттыру, «Жас Отан» мен жастар арасындағы қарым-қатынасты күшейту мақсатында құрылды. 4 жыл бұрын (2010) ұлы Абайдың отанында, Семейде және Абай ауданында қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының 165 жылдығына арналған салтанатты шаралар өтті. Мерейтойлық Абай жылының ауқымында облыс орталығында көптеген әдеби және музыкалық жанрлар бойынша байқаулар, Абай оқулары, басқосулар, көрмелер, концерттер, көркемсөз оқушылар сайысы өтті. 4 жыл бұрын (2010) Таразда қаланың орталық мешіті - hибатулла әт Тарази жанында медресенің жаңа корпусы ашылды. 331 жыл бұрын (1683) алғашқы неміс қоныстанушылары Америкаға (Пенсльвания) келіп, Германтаун елді мекенінің негізін қалады. 325 жыл бұрын (1689) Александр VIII Рим Папасы болып сайланды. 224 жыл бұрын (1790) Женева зергері Якоб Швепп жасанды минералды суды жасау әдісін ұсынды. 213 жыл бұрын (1801) Наполеон Голландияға жаңа конституцияны сыйға тартты. 106 жыл бұрын (1908) Крит Түркиядан тәуелсіздігін және Грекияға қосылатынын жариялады. 87 жыл бұрын (1927) дыбысты киноның дәуірі басталды - «Уорнер Бразерс» компаниясы шығарған «Джаз әншісі» атты алғашқы дыбысты фильмнің премьерасы болды. 70 жыл бұрын (1944) Болгарияда халық трибуналдары құрылды. 55 жыл бұрын (1959) таңертеңгі 5:30-да Таяу Шығыстағы Израильдің Хайфа қаласындағы алғашқы «Кармелит» метрополитені жұмыс жасай бастады. 55 жыл бұрын (1959) планетааралық «Луна-3» стансасынан Айдың екінші беті суретке түсірілген. Бортта орналасқан фотокамера Ай шарының жартысынан көбін түсірген. Суреттер бортта өңделіп, фото теледидар арқылы Жерге жіберілген. 43 жыл бұрын (1971) американдық BBN Technologies компаниясының инженері Рэй Томлинсон кеңсе ішіндегі бір компьютерден екіншісіне локалдық жүйе арқылы тұңғыш рет электрондық хат жіберді. 28 жыл бұрын (1986) Атлант мұхитында бортында баллистикалық зымыраны бар «К-219» атты КСРО-ның суасты атом сүңгуір қайығы батып кетті. 28 жыл бұрын (1986) Канада саяси босқындары үшін БҰҮ жұлдесіне ие болды. 28 жыл бұрын (1986) Гарри Каспаров Анатолий Карповпен матчында шахматтан әлем чемпионы атағын қорғап қалды. 2 жыл бұрын (2012) Форт-Шевченко қаласындағы Тарас Шевченко мұражайы 80 жылдығын атап өтті. 1716 жылы қазіргі қаланың орнында әулие Петр бекінісі болған. Кейіннен мұнда Новопетров бекінісі орналасты. Осында Тарас Шевченко Орынбордағы тұтқыннан кейін жеті жыл айдауда болды. Мұнда ол 200-ден астам жұмыстарын, осы жердің пейзажын бейнелеген суреттері мен нобайларын жазды. Шевченко мұражайы бекініс коменданты Ираклий Усковтың жазғы резиденциясында орналасқан. Ғимараттың салынғанына 150 жылдан асты. Осы жерге ұлы Кобзарьға ескерткіш орнатылған.
ЕСІМДЕР 91 жыл бұрын (1923-2001) республикадағы хореография өнерінің қалыптасып даму жолына мол үлес қосқан қазақтың тұңғыш кәсіби биші-балетмейстері, Қазақстанның халық әртісі ӘБІРОВ Дәурен Тастанбайұлы дүниеге келді. Жамбыл облысында туған. Алматы хореография училищесін, Мәскеу қаласындағы театр өнері институтының балетмейстерлік бөлімін бітірген. 1952-1977 жылдары - Қазақ академиялық опера және балет театрында балетмейстер болып, театр сахнасында М.Чулакидің «Жастық», Ф.Яруллиннің «Шурале», Ғ.Жұбанованың «Аққұс туралы аңыз», Е.Брусиловскийдің «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» т.б. балеттерін, сондай-ақ опералық және драмалық спектакльдер мен фильмдердің билерін қойған. Ол Альберттің (А.Адан «Жизель»), Нұралының (Б.Асафьев «Бақшасарай бұрқағы») т.б. партияларын биледі. Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің 2-ші онкүндігіне қатысқан. 1952 жылдан Алматы хореография училищесінде, Алматы театр және кино өнері институтында, Қазақ қыздар педагогикалық институтында, Жоғары хореография мектебінде педагогикалық қызметпен айналысқан. Ә.Исмаиловпен бірге «Қазақтың халық билері» атты кітап жазған. «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 57 жыл (1957) бұрын техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Жоғары мектеп ғылымдары ұлттық академиясының академигі, ҚР Жаратылыстану ғылымдары ұлттық академиясының академигі НАЙЗАБЕКОВ Әбдірахман Батырбекұлы дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысында туған. 1980 жылы Қарағанды металлургиялық комбинаты жанындағы жоғары техникалық оқу орнын тәмамдады. Алматыда «Қызыл ту» пластмасса өңдеу зауытында учаске шебері; 1981-1982 жылдары - Қарағанды металлургия комбинаты жанындағы жоғары техникалық оқу орнында оқытушы. 1984-1987 жылдары - Мәскеу құрыш және қорытпалар институтының аспиранты; 1988 жылдан Қарағанды металлургиялық институтында оқытушы, доцент, кәсіптік-техникалық факультет деканының орынбасары, оқу істері жөніндегі проректор орынбасары, оқу істері жөніндегі проректор. 1998 жылдан Қарағанды металлургия институтының ректоры; 2012 жылдан Рудный индустриялық институтының ректоры. 300-ден астам ғылыми-әдістемелік жұмыстардың, екі монографияның, авторлық куәліктердің, патенттердің, оқулықтардың авторы, Құрметті білім қызметкері. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001 ж.), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005 ж.), «Ерен еңбегі үшін» (2007 ж.) медальдарымен марапатталған.
148 жыл бұрын (1866-1932) канадалық және американдық өнертапқыш ФЕССЕНДЕН Реджинальд Обри дүниеге келді.
114 жыл бұрын (1900-1987) кеңестік грузин театр және кино актері АНДЖАПАРИДЗЕ Верико Ивлиановна дүниеге келді. 100 жыл бұрын (1914-2002) атақты норвегиялық саяхатшы және ғалым-антрополог ХЕЙЕРДАЛ Тур дүниеге келді. 83 жыл бұрын (1930-2000) сириялық әскери, саяси, мемлекеттік қайраткер, Сирия қорғаныс министрі, Сирия премьер-министрі, 1971-2000 жылдардағы Сирия президенті, генерал Хафез әл-Асад дүниеге келді. 74 жыл бұрын (1940) кеңестік және литвалық театр және кино актері, Литва халық әртісі БУДРАЙТИС Юозас Станиславович дүниеге келді.
74 жыл бұрын (1940-2006) кеңестік және ресей театр және кино актері, Ресей халық әртісі ПАВЛОВ Виктор Павлович дүниеге келді. 168 жыл бұрын (1846-1914) американдық өнертапқыш, инженер және өнеркәсіпші ВЕСТИНГАУЗ Джордж дүниеге келді.