6 қазан. Туған күн иелері

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 6 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

95 жыл бұрын (1923-2001) республикадағы хореография өнерінің қалыптасып даму жолына мол үлес қосқан қазақтың тұңғыш кәсіби биші-балетмейстері, Қазақстанның халық әртісі Дәурен Тастанбайұлы ӘБІРОВ дүниеге келді.

Жамбыл облысында туған. Алматы хореография училищесін, Мәскеу қаласындағы театр өнері институтының балетмейстерлік бөлімін бітірген. 1952-1977 жылдары - Қазақ академиялық опера және балет театрында балетмейстер болып, театр сахнасында М.Чулакидің «Жастық», Ф.Яруллиннің «Шурале», Ғ.Жұбанованың «Аққұс туралы аңыз», Е.Брусиловскийдің «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» т.б. балеттерін, сондай-ақ опералық және драмалық спектакльдер мен фильмдердің билерін қойған. Ол Альберттің (А.Адан «Жизель»), Нұралының (Б.Асафьев «Бақшасарай бұрқағы») т.б. партияларын биледі. Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің екінші онкүндігіне қатысқан. 1952 жылдан Алматы хореография училищесінде, Алматы театр және кино өнері институтында, Қазақ қыздар педагогикалық институтында, Жоғары хореография мектебінде педагогикалық қызметпен айналысқан. Ә.Исмаиловпен бірге «Қазақтың халық билері» атты кітап жазған. «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

61 жыл бұрын (1957) Рудный индустриалдық институтының ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Жоғары мектеп ғылымдары ұлттық академиясының академигі, ҚР Жаратылыстану ғылымдары ұлттық академиясының академигі Әбдірахман Батырбекұлы НАЙЗАБЕКОВ дүниеге келді. 

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. 1980 жылы Қарағанды металлургиялық комбинаты жанындағы жоғары техникалық оқу орнын тәмамдады. Алматыда «Қызыл ту» пластмасса өңдеу зауытында учаске шебері; 1981-1982 жылдары - Қарағанды металлургия комбинаты жанындағы жоғары техникалық оқу орнында оқытушы. 1984-1987 жылдары - Мәскеу құрыш және қорытпалар институтының аспиранты; 1988 жылдан Қарағанды металлургиялық институтында оқытушы, доцент, кәсіптік-техникалық факультет деканының орынбасары, оқу істері жөніндегі проректор орынбасары, оқу істері жөніндегі проректор. 1998 жылдан Қарағанды металлургия институтының ректоры; 2012 жылдан Рудный индустриялық институтының ректоры. 300-ден астам ғылыми-әдістемелік жұмыстардың, екі монографияның, авторлық куәліктердің, патенттердің, оқулықтардың авторы, Құрметті білім қызметкері. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Ерен еңбегі үшін» (2007) медальдарымен марапатталған.

56 жыл бұрын (1962) ҚР Парламенті Сенаты аппаратының басшысы Серік Сіләмжанұлы СЫДЫҚОВ дүниеге келді.

С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген, заңгер. Қазақ КСР  Еңбек мемлекеттік комитетінде еңбек ресурстары бөлімінің аға экономисі және іс басқару аға инспекторы, ҚР Еңбек министрлігінің жұмыспен қамту бас басқармасында еңбекті құқықтық реттеу бөлімінің бас  заң кеңесшісі, Жұмыспен қамту мемлекеттік қызмет инспекциясының бастығы, Жұмыспен қамту бас басқармасы бастығының орынбасары; «Тұран-Агро» ЖШҚ заң бөлімінің меңгерушісі, ҚР Президентінің Жоғарғы кеңестегі өкілінің аға сарапшысы, ҚР Парламенті Сенаты аппаратында консультант, құқықтық сараптама бөлімінің сектор меңгерушісі, сараптама бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Әкімшілік бөлім меңгерушісі, аппарат басшысының бірінші орынбасары болып қызмет атқарды. 2016 жылғы қаңтардан бері қазіргі қызметінде.

«Құрмет» орденімен, ТМД ПАА Құрмет грамотасымен, «ТМД ПАА. 20 жыл» күміс медалімен, бес медальмен марапатталған.

49 жыл бұрын (1969) белгілі қазақстандық кәсіпкер, меценат, «Алтын Қыран» компаниялар тобының құрылтайшысы әрі бас директоры, «Altyn Kyran» Халықаралық қайырымдылық қорының президенті Исламбек Тілеубайұлы СӘЛЖАНОВ дүниеге келді.

Ол Ақтөбе облысында туған. Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтын, хирург (1993); Қазақ мемлекеттік басқару академиясының жанындағы Нарық институтын, экономист (1997); Ресей Федерациясы Үкіметінің жанындағы Халық шаруашылығы академиясын - Мәскеу қаласындағы Бизнес және іскерлік басқару институтын, маркетинг және сатылымдарды басқару (2005); Дьюк университетінің жанындағы Сэнфорд мемлекеттік саясат мектебінің ықпалдастығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының жанындағы Мемлекеттік саясат ұлттық мектебін (2012) бітірген.

Еңбек жолы: Ақтөбе қаласындағы «Мақсат Капитал» ШЖК құрылтайшысы әрі директоры (1993-1998); «AKZHOL» қазақ-неміс біріккен кәсіпорнының тең құрылтайшысы және директоры (1998-2000); «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес кәсіпорны «Қазақойл-Продактс» ЖШС Ақтөбе филиалының директоры (2000-2001); «AKZHOL» компаниялар тобының құрылтайшысы және бас директоры (2001-2004).

«Құрмет» орденімен; «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен; «Білім беру меценаты-2012» Алтын медалі және дипломымен марапатталған.

47 жыл бұрын (1971) Батыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер бойынша сот алқасының төрағасы Ақан Маратұлы ЖҰМАҒҰЛОВ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Дайыр ауылында туған.

1994 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдаған.

Еңбек өтілі: Зайсан автокөлік кәсіпорынының дәнекерлеушісі (1988-1989), ШҚО жол прокуратура тергеушісінің  тағылымдамашысы (1993-1994), Октябрь ауданы бойынша прокуратурасының аға тергеушісі (1994-1996), ШҚО облыстық прокуратурасы тергеу бөлімінің прокуроры (1996-1997), Өскемен қаласы прокурорының көмекшісі (04.1997-08.1997); ШҚО облыстық прокуратурасы тергеу бөлімінің прокуроры (1997-1998); Қатонқарағай ауданы прокурорының орынбасары (1998-2000); Өскемен қаласы прокурорының көмекшісі (2000-2001); ШҚО ҚПД Семей аймағы бойынша ҚПД анықтау бөлімінің бастығы (03.2001-04.2001); ШҚО экономикалық қылмысқа қарсы департаментінің аға инспекторы, бөлім бастығы (2003-2005); Өскемен гарнизоны әскери сотының судьясы (2005-2010); Шығыс Қазақстан облысы Риддер қалалық сотының төрағасы (2010-2013), Семей қалалық сотының төрағасы (2013-2015). Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы (2015-2017)

Қазіргі қызметінде - 2017 жылдың маусым айынан бері.