6 қыркүйек. Туған күн иелері
ЕСІМДЕР
83 жыл бұрын (1935-1995) ақын ӨТЕЖАНОВ Мәжіліс дүниеге келді.
Ресей Федерациясында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.
1959 жылдан журналистика саласында қызмет атқарған. Аудандық «Октябрь туы» газетінде жұмыс істеген.
«Соңғы хат», «Ғашықтың жыры» атты жыр кітаптарының авторы. Өлеңдері «Алтынжар вальсі», т.б. бірқатар ән болып шығарылған.
67 жыл бұрын (1951-2012 ) домбырашы, күйші, Қазақстаннның халық әртісі, Құрманғазы атындағы I республикалық орындаушылар байқауының лауреаты ШӘМЕЛОВ Тұяқберді Қажыгерейұлы дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында туған. Алматы консерваториясын (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген. 1970 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ академиялық халық аспаптары оркестрі құрамында домбырашы, концертмейстер және жеке орындаушы ретінде қызмет етті.
Оның орындаушылық репертуарында қазақ халық композиторларының (Абыл, Дәулеткерей, Дина, Құрманғазы, Мәмен , Сейтек, Тәттімбет, т.б.) күйлері болды. Ол бірнеше ән-күйлердің авторы. Гастрольдік сапармен шет елдерде (Ауғанстан, Италия, Корея, Қытай, Португалия, т.б.) болып өнер көрсетті.
54 жыл бұрын (1964) әнші АБДУЛЛИН Нұрлан дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Сәулет-құрылыс институтын, «Тұран» университетін бітірген. Дзюдодан спорт шеберлігіне кандидат.
Абай атындағы опера және балет театрында әнші, «Тойбастар» хабарының жүргізушісі «Қазақмыс» корпорациясы президентінің мәдениет жөніндегі кеңесшісі.Атыраудың 70 жылдығына арналған мерекелік шараны ұйымдастырушы және қатысушы болды.
Алматы сатира және әзіл конкурсының лауреаты. «Азия дауысы» халықаралық фестивалінің лауреаты. «Жас қанат» конкурсының дипломанты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.