6 маусымнан бастап Алматыда «Классик» радиосы хабар тарата бастайды

АЛМАТЫ. 4 маусым. ҚазАқпарат. /Нәзира Елеухан/ - Қазақстанда 6 маусымнан бастап 102,8 FM толқынында Орталық Азия кеңістігінде алғашқы рет «Classic» классикалық музыка радиосы жұмыс істей бастайды.

Бұл туралы бүгін Алматыда арнайы өткізілген баспасөз мәслихатында ҚР Халық әртісі Жәния Әубәкірова мәлім етті.

Оның айтуынша, аталмыш радио Орталық Азия кеңістігіндегі тұңғыш радиостанса болмақ. «Бұл радио «Хабар» агенттігі мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясымен бірлесе жасалған жаңа медиа жоба. Жаңа радионың мақсаты - академиялық музыка мәдениетін барлық қазақстандық тыңдармандардың игілігіне ұсыну болып табылады. Радио әлемдік классикалық музыка радиосының үлгісі бойынша, мәтіндік ақпараты мейлінше аз, түрлі дәуірлерге, әр түрлі стильдер мен бағыттарға жататын опералық және симфониялық музыкадан, аспапты және джаз композицияларына дейінгі кәсіби мамандармен таңдалған академиялық әуендер жинағынан құрылатын болады. Біз эфирге уақыт сынынан абыроймен өткен және ғасырлар бойы үйлесім мен сұлулық тарту етіп келе жатқан музыканы шығарғымыз келеді. Радио тыңдарманның көңілінен шығады деп сенемін, өйткені мұнда тек, классикалық музыканың хит әндері мен әуендері кіретін болады. Осы жобаның басы-қасында 5 жылдан бері жүрген мен үшін бұл радионың ашылуы үлкен қуаныш. Менің ойымша, радио тыңдармандарымызға әсем әуендер сыйлап қане қоймай, Қазақстан классикалық өнерінің дамуына да ықпал ететін болады»,-деді Жәния Әубәкірова.

Оның пікірінше, классикалық музыка қоғамымыздың интеллектуалдық әлеуетін арттыруға ықпал ететін болады.

«Хабар» агенттігінің креативті директоры Ержан Сүлейменовтың айтуынша, классикалық музыка радиотолқынын құру эфирге классикалық музыканы қайта әкеліп, талғамы жоғары тыңдарманның көңілінен шығу болып табылады.

Жобаның продюссері Раушан Жұманиязованың айтуынша, «Classic» радиосы классикалық музыка концерттерін консерваторияның Үлкен орган залынан тікелей беріп отыратын болады. «Бастапқы кезеңде радио Алматы қаласы бойынша ғана таратылатын болады, одан кейін, уақыт өте келе республиканың барлық өңірлеріне таралады. Хабар тарата бастаған алғашқы күннен бастап-ақ, классикалық музыканың радиотолқыны сандық пакетте ұсынылады. Эфирге келетін болсақ, күніне бірнеше рет қазіргі заманғы қазақстандық және әлемдік музыка мәдениеті туралы жан-жақты мағлұмат беретін ақпараттық және жаңалықтар бағдарламалары шығып тұратын болады. Сонымен қатар ұлы өнерді қадірлей білетіндер үшін эфирде көрнекті композиторлар, атақты орындаушылар, әлемдік мәдениеттің алтын қорына енген теңдессіз туындылар туралы бағдарламалар, білім беру және ағарту бағдарламалары берілетін болады. Алдағы уақытта радионың форматы аудиториямен тікелей әңгіме -дүкен құру мүмкіндігін де қарастыруда. Мәселен жоспарымыздағы «Музыка салоны» бағдарламасында радио тыңдармандары өздерінің музыкаға, орындаушыларға деген көзқарастарын білдіріп, эфирге өздерінің сүйікті туындыларын шығаруды сұрай алады» ,-деді ол.

Оның айтуынша, қазіргі таңда «Классическое утро», «Дыхание гармонии», «Афиша», «Концертный зал» атты тақырыптық бағдарламаларды Еркеғали Рахмадиев, Төлеген Мұхамеджанов, Ақтоты Райымқұлова, Бәкір Баяхунов, Владимир Гросс, Бахтияр Аманжол сынды белгілі қазақстандық музыканттар, композиторлар мен өнертанушылар әзірлеу үстінде. Торонтодан эксклюзивті хабарларды «Классика» радиосы үшін белгілі музыкатанушы Евгений Бычков жіберіп тұратын болады. Ал джазға арналған арнайы бағдарламаларды музыканттар - Владимир Осипов, Михаил Балабичев, Фархад Ибрагимов, Ирэн Аравиналар дайындайтын болады. Жалпы радиоға жұмыс істеуге тек кәсіпқой музыканттар тартылды. Олар жәй ғана музыканттар емес, 5 жыл бойы музыка тарататын радиоларды зерттеген, оның жұмысын өзінің бес саусағындай білетін адамдар. Радиода жалпы саны 10 адамнан тұратын топ жұмыс жасайды»,-деді Р. Жұманиязова.

Оның айтуынша студия кешені ең соңғы заманауи техникамен жабдықталған.

«Хабар» агенттігінің бірінші орынбасары Қанат Сахариясовтың айтуынша радионы іске қосу мен тарату жолы үш кезеңге жоспарланған. «Бірінші кезеңде 6-шы шілдеден бастап эфирде нон-стоп режимімен жеңіл классикалық музыка, танымал фильмдерге саундтректер ойналса, 2 кезеңде эфирге ақпараттық хабарлар, сонымен қатар, мәдениет жаңалықтары сағат сайын шығатын болады. Ал, үшінші кезеңде хабарлар кестесіне арнаулы жобалар мен тақырыптық бағдарламалар қосылатын болады», -деді ол.