Қазақстанның 20 қаласын негізге алып бір және үш бөлмелі пәтерді сақтандыру қызметінің бағасын білдік. Пәтерді сақтандыру еліміздің қай өңірінде арзан, ал қай облысында қымбат?
Бір бөлмелі пәтер
Қазақстан өңірлері арасында Көкшетау мен Тараз қаласында бір бөлмелі пәтерді сақтандыру бағасы 6 мың теңгеден басталады. Бұл еліміз бойынша ең төмен баға. Ақтау қаласында 8 мың теңгеден басталса, Қарағанды 10 мың теңге және одан жоғары.
Ал Шымкент қаласында сақтандыру полисінің бағасы 70 мың теңгеге дейін жетті. Алматы қаласында 55 мың теңгеге дейін барса, Талдықорғанда жоғары баға 52 мың теңге.
Астана қаласында бір бөлмелі пәтерді сақтандыру бағасы шамамен 21-41 мың теңге аралығын қамтыса, Алматыда 30-55 мың теңге аралығында. Демек еліміз бойынша бір бөлмелі пәтерді сақтандыру жылына кем дегенде 6 мың теңге, ал кейбір өңірде 70 мың теңгеге жетті.
Үш бөлмелі пәтер
Үш бөлмелі пәтер иелерінің шығыны одан да жоғары. Ең төмен баға Тараз қаласында тіркелді. Мұнда сақтандыру құны 17 мың теңгеден басталады. Көкшетау мен Павлодар қалаларында баға 19-20 мың теңге аралығында болса, Қарағанды мен Жезқазғанда 20 мың теңгеден басталады.
Үш бөлмелі пәтерді сақтандыру қызметі Шымкент қаласында қымбат. Мұнда тіпті 140 мың теңгеге дейін жетеді. Қызылордада ең жоғары баға 85 мың теңге, Таразда 81 мың теңге, Қарағанды, Жезқазған мен Қонаевта 80 мың теңге.
Астана қаласында үш бөлмелі пәтерді сақтандыру үшін шамамен 40-75 мың теңге, Алматыда 50-96 мың теңге аралығында төлейді.
Сақтандыру қызметі қайда арзан, қай өңірде қымбат
Егер ең төменді тарифті салыстырсақ, бір бөлмелі пәтерге Көкшетау мен Таразда 6 мың теңге төлейді. Ал Алматы қаласында ең арзанының өзі 30 мың теңге болып тұр.
Ең жоғары баға Шымкент қаласында тіркелді. Мұнда бір бөлмелі пәтерді сақтандыру қызметі 70 мың теңгеге, ал үш бөлмелі пәтерді сақтандыру қызметінің құны 140 мың теңгеге дейін жетті.
Тараз қаласында үш бөлмелі пәтерді сақтандыру бағасы тиімді. Шамамен 17 мың теңгеден басталады.
Астана мен Алматы қалаларында сақтандыру бағасы өзге өңірлерге қарағанда жоғары. Тіпті бір қаланың өзінде баға әртүрлі. Мәселен, Алматы қаласында бір бөлмелі пәтерді сақтандыру бағасы 30-55 мың теңге болса, үш бөлмелі пәтерге 50-96 мың теңге есептеп береді.
Баға неге әртүрлі
Сақтандыру бағасына тек бөлменің саны әсер етпейді. Бағаға пәтердің ауданы, бағасы, үйдің қай жылы салынғаны, жағдайы, орналасқан жері, сақтандыру тәуекелі, сақтандыру сомасы және сақтандыру компаниясының талабы әсер етеді.
Сақтандыру тәуекеліне өрт, зілзала, су тасқыны, жарылыс, найзағай, үшінші тұлғаның заңсыз әрекеті және өзге де талаптар кіреді. Мұның бәрі келісімшартта көрсетіледі.
Бұған дейін Қазақстандағы баспананың 3,2% ғана сақтандырылғаны туралы айтылды. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданатынын хабарлады. Агенттіктің мәліметіне сүйенсек, табиғи сипаттағы апаттан сақтандыру тетігі кезең-кезеңімен іске асырылады. Бұл 2024 жылдағы су тасқынынан кейін көтерілген өзекті мәселе. Сол кезде мемлекет жөндеу, құрылыс және үй сатып алуға қомақты қаржы жұмсады.
Сарапшылар өз кезегінде сақтандыру полисін ерікті түрде рәсімдеу неліктен кең таралмағанын түсіндірді. Қазақстандықтар неліктен үйін, өмірін сақтандыруға асықпайды, 10 жылда нарықта қандай өзгеріс болуы мүмкін екенін де түсіндірді.
ТЖМ хабарлауынша, егер мүлік дер кезінде сақтандырылса, шығынды сақтандыру ұйымы өтейді. Заң жобасында зілзала, орман өрті, тасқын мен су басудан сақтандыруды міндеттеу сұрағы қарастырылып жатыр, яғни әзірге азаматтар үшін мүлікті сақтандыру ерікті түрде іске асырылады. Бұл жағдайда бағаға нысан мен таңдалған талап әсер етеді. Алайда заң жобасына қарасақ, табиғи апаттан сақтандыру таяуда әр мүлік иесіне міндетті болады.