6 мыңнан астам балаға қатысты маңызды ақпар: Қазақстанда отандық есту аппараттары өндіріледі

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда есту қабілеті бұзылған 6 мыңнан астам бала диспансерлік есепте тұр. Осы балаларды есту аппараттарымен қамтамасыз етуді жақсарту және отандық өндірісті іске қосу үшін Үкімет Денсаулық сақтау және Өнеркәсіп және құрылыс министрліктеріне арнайы Жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік әлеуметтік кепілдіктер жүйесін жетілдіру шаралары туралы баяндады.

2026 жылы ақысыз медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қаржыландыруға 1,6 трлн теңге, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне 1,7 трлн теңге қарастырылған. Қаржыландырудың негізгі көлемі стационарлық, алғашқы медициналық-санитариялық және консультациялық-диагностикалық көмек көрсетуге бағытталған. Сонымен қатар ауылдық денсаулық сақтауды дамытуға, жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге және онкологиялық ауруларды емдеуге жұмсалатын шығыстар ұлғайтылды.

Бұл ретте мемлекет сақтандырылған азаматтың мәртебесіне қарамастан, ақысыз медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін аясында көрсетілетін медициналық көмектің кең ауқымын сақтап отыр. Соңғы жылдары амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетін пациенттер саны айтарлықтай артты: 2018 жылғы 1,9 млн адамнан 2026 жылы 3,4 млн адамға дейін өсті. Сондай-ақ емдеу тиімділігі жоғары препараттар енгізіле отырып, дәрілік заттар тізімі жаңартылды.

Есту қабілетін оңалту қызметтерінің қолжетімділігіне қатысты Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, диспансерлік есепте есту қабілеті бұзылған 6 мыңнан астам бала тұр. Осы контингентті ескере отырып, жасына, есту қабілетінің бұзылу дәрежесіне, қолданыстағы аппараттың болуына, оның пайдалану мерзіміне және жеке баптау қажеттілігіне қарай есту аппараттарымен қамтамасыз етудің нақты қажеттілігі айқындалады.

Президент қойып отырған ел аумағында нашар еститін балаларға арналған есту аппараттарының өндірісін шұғыл түрде іске қосу міндетін орындау үшін Премьер-министр Олжас Бектенов Денсаулық сақтау, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктеріне тиісті Жол картасын әзірлеуді тапсырды. Құжатта отандық өндірушілерді тарту, қажетті технологиялар трансферті және сервистік қызмет көрсетуді ұйымдастыру қарастырылатын болады. Өндіріс басталғанға дейін әкімдіктерге жергілікті бюджеттер мен бюджеттен тыс қаражат көздер есебінен балаларға арналған есту аппараттарын сатып алуды қаржыландыру тапсырылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша құрылған «Қазақстан халқына» қоры 2022 жылдан 2025 жылға дейінгі бірінші кезеңде пациенттерді жекелеген нозологиялар бойынша дәрілік препараттармен қамтамасыз ету жөніндегі өз міндеттемелерін орындады. Бүгінде Қор дамуында кемістігі бар балаларға арналған оңалту орталықтарының инфрақұрылымын қарқынды түрде дамытуды жалғастыруда, мәселен, аутизмі және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған 10 орталық ашылды, онда 1 250 бала көмек алып отыр.

Айта кетейік, бұған дейін есту аппаратын алу үшін енді мүгедектік мәртебесі талап етілмейтінін жаздық.