6 мыңнан астам ота жасаған: Алматыдағы балалар хирургі «Құрмет» орденімен марапатталды

АСТАНА. KAZINFORM – Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының хирургиялық блогының жетекшісі, Қазақстанның штаттан тыс бас балалар хирургі Константин Хаиров Президенттің қолынан «Құрмет» орденін алды. Дәрігер марапаттан кейінгі әсерімен бөлісіп, балалар хирургиясындағы 32 жылдық еңбек жолы туралы әңгімеледі.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

– Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Мұндай марапат кез келген адамға бұйыра бермейді. Бүгін марапатталғандардың қатары көп болды, және бәріміз осындай құрметке ие болғанымызға қуаныштымыз. Көңілді ерекше сезім кернеп тұр, – деді Константин Хаиров Ақорда кулуарында.

К. Хаиров балалар хирургиясына өмірінің 32 жылын арнаған. Оның айтуынша, медицина саласын таңдауға мектеп қабырғасында жүргенде-ақ шешім қабылдаған және осы уақытқа дейін өз таңдауына еш өкінбеген.

– Неліктен балалар хирургиясын таңдадыңыз деген сұрақты маған жиі қояды. Шынымды айтсам, оның нақты жауабын әлі күнге дейін білмеймін. Бірақ осы мамандыққа келіп, оған 32 жылымды арнадым және бір күн де өкінген емеспін. Балалардың денсаулығын нығайтып, олардың ата-аналарына қуаныш сыйлау – мен үшін үлкен бақыт, – деді хирург.

Өзінің еңбек жолында Константин Хаиров 6 мыңнан астам операция жасаған. Оның ең кішкентай пациенті – небәрі үш сағат бұрын ғана дүниеге келген нәресте болған.

– Сәбиде туа біткен даму ақауы болды. Әдетте мұндай балалар шала туған, денесі өте кішкентай келеді. Әрине, мұндай сәттерде қатты алаңдайсың. Барлық дәрігер өз пациенті үшін уайымдайды, – деп бөлісті ол.

Айта кетейік, бүгін Ақордада Президент медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Елімізде маусымның əр үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні. Бұл күнді атап өту ҚР Президентінің 1998 жылғы Жарлығымен белгіленген

Жаңа Конституцияда «ұлт саулығы» ұғымына алғаш рет назар аударылды.

Президент медицина қызметкерлеріне күш көрсеткен адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы да пікір білдірді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы қоғамдық орындарда әдеп сақтау мәселесін көтерді.

Биылдың өзінде медицина мамандарының жалақысын өсіруге 33 миллиард теңге бөлінген.

Ал Астана медицина университетіне Төрегелді Шармановтың есімі беріледі.