6 наурыз. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 6 наурыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Фото: Kazinform

68 жыл бұрын (1956) Қазақстанның сот жүйесінде төрелік сот жүйесінің негізін қалаушының бірі Моряк Смағұлұлы ШЕГЕНОВ дүниеге келді.

Фото: sud.gov.kz

Қарағанды облысы Шет ауданында туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

1983-1989 жылдары Жезқазған облыстық кәсіподақ кеңесінің нұсқаушысы, Жезқазған көлік прокурорының көмекшісі; 1989-1992 жылдары Жезқазған қалалық сотының судьясы, 1992-1995 жылдары Жезқазған облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы, 1995-2009 жылдары Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы, судьясы қызметтерін атқарған. 2009-2019 жылдары ҚР Жоғарғы сотының судьясы болды.

54 жыл бұрын (1970) ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлері Әуе шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы Алмаз Жеңісұлы ЖҰМАКЕЕВ дүниеге келді.

Фото: ҚР ҚМ баспасөз қызметі

Қырғызстанда туған. 1992 жылы Ленин комсомолы атындағы Рязань жоғары әуе-десант командалық училищесін, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери академиясын бітірген.

Әскери қызметін барлау взводы командирінен бастаған. Штабтық рота, батальон, бригада командирі болған. 2015-2016 жылдары ҚР ҚМ ШБК Жауынгерлік дайындық және әскер қызметі департаментінің бастығы, «Астана» өңірлік қолбасшылығында штаб бастығы, Құрлық әскерлері Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары лауазымдарын атқарған. Десантты-шабуылдаушы бригаданың командирі. ҚР Қарулы Күштеріндегі аэроұтқыр әскерлер қолбасшысы, 2016-2018 жылдары ҚР Қарулы Күштерінің Десант-шабуылдаушы әскерлерінің қолбасшысы, ҚР Қарулы Күштері Құрлықтағы әскерлері бас қолбасшысының әскери дайындық жөніндегі орынбасары - ҚР ҚК Құрлықтағы әскерлер Бас қолбасшысы басқармасының әскери дайындық жөніндегі бас басқармасының бастығы, 2018-2021 жылдары ҚР Қарулы Күштері Бас штабының әскери дайындық департаментінің бастығы болды.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың наурыз айынан бері атқарып келеді. ІІ дәрежелі «Даңқ», ІІ дәрежелі «Айбын» ордендерімен, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің басқа да наградаларымен марапатталған.

49 жыл бұрын (1975) белгілі журналист Айгүл Адиятоллакызы МҮКЕЙ дүниеге келді.

Фото: elorda.info

Целиноград қаласында туған. 1996 жылы Ақмола мемлекеттік педагогикалық университетінің филология факультетін, 2002 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының кино факультетін бітірген.

Еңбек жолы: 1992 жылы «Эфир» телекомпаниясының редакторы, жүргізушісі (Ақмола қаласы), 1999-2008 жылдары «Хабар» Агенттігі» АҚ жүргізушісі, журналисі, Ақпараттық бағдарламалар дирекциясы директорының орынбасары, 2008-2014 жылдары «Хабар» Агенттігі» АҚ «Ел арна» телеарнасының директоры - Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының аға оқытушысы - «ТВ продюсерлері» шеберханасының жетекшісі. 2014 жылы «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы баспасөз қызметінің басшысы, маркетинг департаменті директорының орынбасары болды. 2015 жылғы желтоқсаннан SNC Kazakhstan журналының бас редакторы қызметін атқарды. Бас редакторлар клубының вице-президенті, «Томирис» іскер әйелдер клубының мүшесі, 2023 жылы «Без прикрас» бағдарламасының жүргізушісі, «Jibek Joly» телеарнасының әйелдерге арналған жаңа «ÖZGER» бағдарламасында жүргізуші Айгүл Мүкей аймақтардағы сюжет кейіпкерін тауып, оның қызықты өмір тарихын ашып, трансформация арқылы қиын өмірлік жағдайдан шығуға көмектеседі.

«Құрмет» орденімен, «Астананың 10 жылдығы» медалімен, марапатталған.

44 жыл бұрын (1980) Атырау облысы балық шаруашылығы басқармасының бастығы Артур СӘДІБЕКОВ дүниеге келді.

Атырау облысы, Құрманғазин ауданы, Котяевка ауылында туған.

2001 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін «Физика» мамандығы бойынша, 2009 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша, 2021 жылы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің «Балық шаруашылығы және су биологиялық ресурстары» мамандығын бітірген.

Еңбек жолы: 2002-2009 жылдары Құрманғазы ауданы Байды ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы, 2009-2012 жылдары Құрманғазы ауданы Байдын ауылдық округінің әкімі, 2012-2013 жылдары Құрманғазы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы, 2013-2016 жылдары Атырау облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы, 2016-2018 жылдары Атырау облысы әкімі аппаратының мемлекеттік құпияларды қорғау бөлімінің басшысы қызметін атқарды.

2018 жылдың қараша айынан бастап қазіргі қызметінде.

39 жыл бұрын (1985) - VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Руслан АрысбекұлыБЕРДЕНОВ дүниеге келді.

Фото: wikipedia.org

Шымкент қаласында туған.

2006 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін менеджмент мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 2005 жылы «Алматы Құс» ААҚ, 2007-2010 жылдары «Procter & Gamble» ЖШС бас логистикалық үйлестірушісі, 2010-2012 жылдары «EASTCOMTRANS» ЖШС жылжымалы құрамды жалға беру бөлімінің бастығы, 2012-2018 жылдары «АК НИЕТ» ЖШС бас директоры, 2018-2019 жылдары «АК НИЕТ» ЖШС бақылау кеңесінің мүшесі, 2019-2023 жылдары Aq Niet Group бақылау кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

2023 жылдың наурыз айынан бастап қазіргі қызметінде.

224 жыл бұрын (1799-1861) ағылшын саяхатшысы, суретші Томас Уитлам АТКИНСОН дүниеге келді.

1848-1852 жылдары Қазақстанның бірқатар жерінде болып, тарихи-этнографиялық, географиялық зерттеулер жүргізген. Аткинсонның 1858 жылы Лондонда жарық көрген «Шығыс және Батыс Сібірдегі зерттеулер» атты екі томдық еңбегінде Семей, Аягөз, Қапал, Алматы қалалары мен бекіністеріндегі тұрғындардың шаруашылығы, қазақтардың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, билеуші топтары арасындағы талас-тартыс, Шыңғыстау күміс кені, балыққа бай Зайсан көлі жөнінде көптеген деректер бар.

1860 жылы «Амудария бойымен саяхат» атты кітабы жарыққа шықты. Онда қазақ қоғамын іштей жегідей жеп жатқан «барымта» дегеннің куәсі болдым дей келіп, «Түнгі ауылға шабуыл», «Аттылы қырғыздардың ұрысы» деп аталатын суреттер жариялады. Соңғы суретінде қазақтардың сол кездегі қару-жарағы (айбалта, найза) бейнеленген.

Қазақтардың киімін, тамағын, қысқы киіз үйін суреттеп, бұл жөнінде бірнеше этнографиялық гравюралар, көп мағлұматтар қалдырған. Алатаудың солтүстік беткейінде, Зайсан мен Балқаш аралығында кездескен түрлі обалар мен көне зираттардың құрылысын сипаттап жазған. Аткинсон дала тұрғындарының ақындық рухына, моральдық түсінігінің жоғарылығына, түрлі жер аттарына (Қаркөл, Қалмақтау, Ақтас, Ертіс, тағы басқалар) байланысты аңыз-әңгімелерді баяндаған. Сүйік пен Айғаным арасындағы сүйіспеншілік, Сүйіктің Айғанымды алып қашуы, Айғанымның қамысты көл жағасында жолбарыстан опат болуы туралы халық арасында ертеден келе жатқан аңыз желісін баяндауы да ағылшын авторының қазақтардың рухани мәдениетіне жіті назар аударғанын көрсетеді.