6 наурыз. Жылнама

Фото: Kazinform/ Midjourney

Kazinform оқырман назарына 6 наурызға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Бүкіләлемдік тіс дәрігері күні

1790 жылы Джордж Вашингтонның жеке тіс дәрігері Джон Гинвуд стоматологиялық бор жасап шығарды және ол осы күннің күнтізбеге енуіне көп еңбек сіңірді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1917 жылы 1916 жылғы көтеріліске қатысушыларға рақымшылық жарияланып, уақытша үкімет бұрынғы әкімшілік құрылымдармен қатар облыстық және уездік комиссариаттар құра бастады. Торғай облысына Әлихан Бөкейхан, Жетісуға Мұхамеджан Тынышбаев, Оралға Халел Досмұхамедұлы, ал Қостанай уезіне Ахмед Бірімжанұлы комиссар болып сайланды.

1987 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі мен Қазақстан Компартиясы ОК-нің «Республикада қазақ тілін оқытуды жақсарту туралы» және «Республикада орыс тілін оқытуды жақсарту туралы» қаулылары қатар жарық көрді.

1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Мысыр Араб Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.

2014 жылы қазақ және орыс тілдерінде «Астана: женский род» альманахы жарық көрді. Онда саясатта, бизнесте, қоғамдық салалар және ғылымда, спортта, өнер әлемінде, ағарту және медицинада толағай табыстарға қол жеткізген қазақстандық әйелдердің өмірбаяндары берілген.

2014 жылы Берлинде Қазақстан Республикасының экономикалық және мәдени орталығының ресми ашылу рәсімі өтті. Бұл қазақстандық-германдық сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайту мен кеңейтуге бағытталған кезекті қадам болды. Шара қорытындысы бойынша, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Шығыс герман экономика комитеті арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

2015 жылы Қазақстан мен Монако қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартқа қол қойды.

2016 жылы Қарағанды мемлекеттік индустрия университетінің оқытушысы, химия ғылымдарының кандидаты Владимир Меркулов ғылым мен өнертабысты дамытуға қосқан үлесі үшін Альфред Нобель атындағы медальмен марапатталды.

2019 жылы Америкада қазақстандық бойжеткендердің бастамасымен «Гүлдер» би ансамблі құрылды.

2021 жылы Аргентинада Димаш Құдайбергенге арналған шағын ойын шығарылды. Әнші жанкүйерлері La Era Dimash жаңа жобасын ыстық ықыласпен қабылдады. Ойын қазақстандық орындаушының әр түрлі жастағы жанкүйерлерінің көңілінен шықты. Ол жеңіл әрі бос уақытты қызық өткізуге көмектеседі.

2024 жылы Астанада Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның 25 жылдығына арналған Қазақстан әйелдерінің форумы өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев мерейтойға орай құттықтау жолдады. Оны комиссия төрайымы Аида Балаева оқыды.

2024 жылы Қазақстан ғылымының одан әрі дамуын ынталандыру мақсатында Ұлттық ғылым академиясы Қазақстан мен Орталық Азияның тұңғыш әйел академигі Нәйлә Базанова атындағы арнайы марапат тағайындады. Бұл сыйлық ғылымдағы әйелдерге арналады және оларға олардың көрнекті жетістіктері мен ғылыми саланы дамытуға қосқан үлесі үшін беріледі.

Нәйлә Оразғұлқызы Базанова (1911-1993) – қазақ әйелдерінің арасынан шыққан тұңғыш биология ғылымдарының докторы, профессор, физиолог, академик. Ол Бішкек (Фрунзе) қаласында дүниеге келген. Негізгі еңбектері ірі қара малдың ас қорыту ерекшеліктері және жас төлдің бітім-болмысы мен өсіп-жетілуін анықтауға арналды. Ғалымның қаламынан ауыл шаруашылығын дамытуға арналған оқулықтар жарық көрген.