6 желтоқсан. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 6 желтоқсанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Қазақстан Республикасында прокуратура органдары күні
1991 жылы 6 желтоқсанда «Қазақ КСР прокуратурасы органдарының бірыңғай жүйесін құру, олардың еркіндігін және тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы» қаулысы қабылданаған. Осыған орай, күнтізбеде Қазақстан Республикасы прокуратурасы органдарының күні пайда болды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1944 жылы Алматыда Д.А. Қонаев атындағы Тау-кен ісі институты қызметін бастады. Институт – тау-кен өндірісін ғылыми-техникалық қамтамасыз ететін Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең үлкен ғылыми-өндірістік орталықтардың бірі.
1971 жылы Қазақстанда тұңғыш рет Ғылыми-техникалық ақпарат орталығы Алматы қаласында құрылды.
2011 жылы Бельгияның Монс қаласында Қазақстан Солтүстік Атлант альянсы мемлекеттерінің арасында өткізілетін турнир тарихында алғаш рет НАТО-ның «Бейбітшілік жолындағы әріптестік» бағдарламасына қатысушы ел ретінде жарыстарға қатысты. ҚР Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының баскетбол командасы «SHAPE» халықаралық баскетбол турнирінде екінші орынды иеленді. Қазақстан Ұлыбритания, Литва, Польша, Канада командаларын талқандап, финалда Латвия командасына 53:61 есебімен есе жіберді.
2012 жылы Қазақстанның танымал мемлекеттік қайраткері, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің бас директоры Қасым-Жомарт Тоқаев С.Н. Рерих медалімен және «Әлем Туы» естелік белгісімен марапатталды. Марапаттар Женевада Рерихтер мұрасын сақтау бойынша комитеті және Мәскеудегі Рерихтер Халықаралық орталығы делегациясының сапары барысында табысталды.
2014 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Франция Президенті Франсуа Олланд Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің базасында құрылған «Сорбонна – Қазақстан» институтының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. «Сорбонна – Қазақстан» институты «Париж қаласының Сорбоннасы» (PRES Sorbonne Paris Cité) Жоғары білім ғылыми орталығының әлемдегі екінші және Орталық Азиядағы бірден-бір филиалы болып отыр. Ондағы білім беру үдерісі Болон конвенциясына сәйкес жүргізіледі. Қазақстан мен Францияның профессорлары сабақ береді.
2014 жылы Халықаралық банкнота қоғамдастығы (International Bank Note Society, IBNS) номиналы 1000 теңгелік «Күлтегін» естелік банкнотасын үздік банкнота деп таныды. «Күлтегінге» АҚШ-тың 100 доллары, 5 еуро, 10 Канада доллары, 100 рубль, 5 Бразилия реалы, 5 Ливия динары, сондай-ақ Исландия, Ливан, Соломон аралдары, Барбадос, Фиджи валюталары қарсылас болған еді.
2016 жылы Астанадағы ҚР Ұлттық музейінде «Қазақстан Республикасының Даңқ Кітабын» тұғырға орнату және электронды нұсқасын таныстыру салтанаты болды. Осы күннен бастап Даңқ Кітабы Ұлттық музейдің Тәуелсіздік залының мемлекеттік наградалар витринасының экспонаты ретінде музейге келушілердің назарына ұсынылды.
2017 жылы Женева қаласындағы БҰҰ Ұлттар Сарайында ҚР Тәуелсіздік күніне және еліміздің БҰҰ-ға мүшелігінің 25 жылдығын атап өту бойынша іс-шаралар аясында «Қазақстан – Ұлы дала елі» тақырыбындағы фотокөрме ашылды. Көрме қонақтарына еліміздің ірі қалаларының тартымды тұстары, мәдени және тарихи ескерткіштері, бірегей және сирек кездесетін табиғатымыздың, сондай-ақ салт-дәстүрлеріміз бейнеленген 60-қа жуық фотосурет ұсынылды.
2018 жылы Әбіш Кекілбаевқа арнап астанадағы Қонаев көшесіндегі жазушының өзі тұрған 11-үйдің алдына ескерткіш тақта орнатылды.
2019 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы аясында Ақмола облысының Жалпыұлттық және өңірлік нысандары тағы үш жаңа ескерткіш орындарымен толықтырылды. Астрахан ауданында орналасқан «Тоғыз әулие» жерлеу; аттас ауылдың (Біржан сал ауданы) және Қабыл батыр мазарының (Жарқайың ауданы) аумағындағы Аңғал батырдың жерлеу орны жалпыұлттық маңызы бар нысан мәртебесіне ие болды.
2019 жылы Қазақстан «ЭКСПО-2020 Дубай» көрмесінің Комиссарлар алқасының басқарушы комитетіне сайланды. Көрменің халықаралық қатысушыларының жиналысы (ҚХҚЖ) шеңберінде қатысушы елдердің Дубай ЭКСПО-2020 Комиссарлар алқасының басқарушы комитетінің құрамын айқындау бойынша дауыс беруі өтті. Басшы комитеттің мүшелері көрмеге қатысатын халықаралық көрмелер бюросына мүше мемлекеттердің ұлттық секцияларының комиссарлары арасынан сайланады. Дауыс беру қорытындысы бойынша, Астана ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің табысты өткізілуін ескере отырып, Қазақстан алғаш рет басқарушы комитет құрамына сайланды.
2019 жылы елорда көшелерінің біріне Қазақстанның Халық жазушысы, Еңбек Ері, қоғам және саяси қайраткер Әбіш Кекілбаевтың есімі берілді. Әбіш Кекілбаев атындағы көше ЭКСПО қалашығының жанында орналасқан.
2021 жылы Париж қаласының 16-шы округінде орналасқан Ақындар гүлзарында Абайдың ескерткіш-бюстін ашу салтанаты өтті. Мүсіннің авторы – Ербол Зиябеков.
2021 жылы «Ашаршылық. Голод. 1928-1934 Деректі хроника» атты кітабының төртінші және бесінші томы таныстырылды.
2021 жылы Алматыда Орталық қалалық клиникалық аурухана базасында бес пациентке көздің қасаң қабығын трансплантациялау бойынша хирургиялық бірегей жаңа операциялар жасалды, яғни дәрменсіз қасаң қабықтар донорлық қабықтарға ауыстырылды.
2024 жылы Диана Мырзағалиеваға әлеуметтік қызметтегі ерекше еңбегі үшін ханшайымы Диана атындағы сыйлық берілді. Ханшайым Диананың құрметіне құрылған бұл сыйлықты «Диана» қайырымдылық қоры ұсынады және оның ұлдары, Уэльс ханзадасы Уильям ханзада және Сассекс герцогы ханзада Гарри қолдайды. Диана Мырзағалиева өмірін сөйлеу қабілетінің бұзылуы мен денсаулық мәселелеріне байланысты қиындықтарға тап болғандарды қолдауға арнады. Семей сынақ полигонында ондаған жылдар бойы ядролық сынақтардан туындаған дизартрия диагнозы қойылған Диана көптеген қиындықтарды жеңді. Бала кезінде сөйлей алмаған ол өз ойын жазу арқылы білдірді, кейінірек мүмкіндігі шектеулі балалардың армандары туралы әңгімелер жаза бастады. Бұл әңгімелер оның «Үміт әрдайым жанымызда» анимациялық фильмінің негізін қалады.
2024 жылы Қазақстан Ұлттық банкі «Қазақстанның жер қойнауы» сериясынан Cu (мыс) коллекциялық монеталарын шығарды. Cu (мыс) «Қазақстанның жер қойнауы» атты жаңа монеталар сериясының бастамасын белгілейді. Бұл серия Қазақстан топырағының байлығын зерттеуге бағытталған.