***
«Иә, атам заманнан ел байлығы кімге қолды болмай келеді дейсіз? Әлі де сол, анталаған азулылар асап, билігі барлар тонап, жемқорлар сыбайласа жұлып, жұтып жатыр. Жесе дәмі тіл үйіретін, жемесе түске енетін бекіре тұқымдас балықтың дәмін татпаған жан жоқ шығар. Жеген адам оның еті де, қара уылдырығы да теңдессіз екенін жақсы біледі. Алайда, амал не, өз тәуелсіздігімізді өзіміз қолға алған шақта да ел байлығы еленбей қалды. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, Жайық-Каспий бассейніндегі бекіре тұқымдас балық 2006 жылғы 61 млн. данадан 2012 жылы 1 млн-ға бір-ақ азайған. Бір миллион деп көтермелеп айту ғой, мүмкін қазір одан да кем қалған шығар. Сонда мұндай күйге жеткізген кім? Жауап беретін біреу бар ма?», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Бұл жайында толық білгіңіз келсе, басылымдағы «6 жылда 60 есе азайған бекірені браконьерлерден сақтауға нақты шара қолданылмай отыр» деген мақаланы оқыңыз.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Орал қаласындағы «Зенит» зауытының құрыш қолды конструкторлары өздерінің баға жетпес өнімін суға түсіру алаңына жеткізді. Бұл орын ерке Шағанның жағалауы болатын. Ал бұл өнім бұған дейін еліміздің Әскери-теңіз күштерінде қолданылып жүрген зымыранды-артиллериялық кеменің теңдесі жоқ кезекті жобасы еді. Бір сөзбен айтқанда, мемлекетімізде қабылданған Әскери доктрина талаптарына сай құрастырылған жаңа корабльдің техникалық жарақтандырылуы әлемдік стандарттың барлық талаптарына толық жауап бере алады. Отандық жаңа өнім ашық теңіздің барлық қатерлі сындарына төтеп беруге қабілетті бола алуымен ерекшеленеді. Оған теңіздің дауылы мен көкке шапшыған толқындары да бөгет емес. Жаңа корабльдің экипажы - 23 адамнан тұрады. Мұның сыртында медициналық каютада екі адам орналаспақ. Бұл мақала «Әскери доктрина талабына сай кезекті зымыранды-артиллериялық корабль суға түсірілді» деген тақырыппен берілген.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев салынып жатқан Қазақстан тарихы мұражайында болды. Нұрсұлтан Назарбаев құрылыс жұмыстары барысымен және мұражай ғимаратын пайдалануға беру жөніндегі жоспармен танысты. Мұражайдың экспозициясы мен көрмесі Қазақстанның ежелгі заманнан қазіргі күнге дейінгі тарихы мен мәдениетін көрсетуге арналған. Көлемі 14 мың шаршы метрді құрайтын экспозиция алаңы Тарих мұражайы, Алтын және қымбат металдар мұражайы, Өнер мұражайы экспозицияларын орналастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, экспозицияның едәуір бөлігі ұлт мәдениеті мен жазуының көп ғасырлық тарихына, сондай-ақ Тәуелсіз Қазақстан тарихына арналатын болады.
Сондай-ақ, мұражай кездесулер, форумдар және білім беру бағдарламалары өтетін орын болып табылады.
***
Қазақстан Еуропалық одақтың барлық елдерінен ірі қара тасымалдауға тыйым салды. Бұған Батыста Шмалленберг вирусының ошағы себеп болуда. Бұл жайында бүгінгі санында «Экспресс-К» басылымы жазып отыр. Газеттің атап өтуінше, бұл мәселе күзде басталған болатын, яғни ол кезде Қазақстан алдымен мал өсіру бойынша еуропалық шектеулі кәсіпорындар үшін есікті жапқан болатын, ал қазір енді 27 елге тыйым салып отыр. Бүгінде Қазақстан ірі қара мал басын жеткізу тұрғысында тек Австралиямен ғана жұмыс істеуде. Ал ет бүгінде елімізге Ресейден, Беларусь, Аргентина, Бразилия, Канада және Моңғолияның екі аймағынан тасымалдануда. Өнім сүйексіз түрінде үлкен қораптарда әкелінетін көрінеді. Бұл өнімдер тек ет өңдейтін кәсіпорындарда, шұжық цехтарында пайдалануға рұқсат етілген. Импортты тауарды базарларда саудалауға тыйым салынған. Сонымен қатар ет өнімдерін африкалық елдерден, Қытайдан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Түркменстаннан тасымалдауға шектеу енгізілген.