600-ге жуық түлек мемлекеттік қызметке конкурстан тыс қабылданды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Мемлекеттік қызметке орналасуды барынша жеңілдету шаралары нәтижесінде жоғары оқу орнын жақсы көрсеткішпен аяқтаған 588 түлек аудандық және ауылдық жерлерде төменгі лауазымдарға конкурссыз қабылданып, қызмет атқаруда. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Қызылорда облысында жас мемлекеттік қызметшілермен кездесуінде айтты.
Конкурссыз мемлекеттік қызметке орналасу үшін дипломдағы GPA 3,33 баллдан кем болмауы керек. Осылайша, конкурссыз қабылданған 600-ге жуық түлектің 20-сы Қызылорда облысында жұмыс істеп жүр.
Облыс активімен кездесуде агенттік төрағасы адамға бағдарланған сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыру бағытындағы шараларға тоқталды. Мемлекеттік қызмет алушылардың құқықтарын қорғау, мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту, кадрлық процестерді цифрландыру, мемлекеттік қызметке кіру тәртібін оңтайландыру және сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін себептер мен жағдайлардың алдын алу мәселелері айтылды.
– «Адал азаматқа» тән барлық құндылықтар ең алдымен мемлекеттік қызметшілер болмысынан көрініс тауып жатса, мемлекеттік аппараттың жұмысына тың серпін берері анық. Адалдық, әділдік принциптерін мемлекеттік аппараттың жұмысында жан-жақты ілгерілету – халыққа шынайы, адал, ашық қызмет көрсететін мемлекеттік аппарат қалыптастыруда шешуші рөл атқарады, – деп атап өтті Д. Жазықбай.
Айта кетейік, келесі жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер жұмысқа тек онлайн қабылданады. «E-Qyzmet» және «Бірыңғай кадр жүйесі» порталдары іріктеуде ашықтықты қамтамасыз етіп, адами факторға жол бермейді.