«600 кәсіпкер неге наразы?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 18 маусым, сәрсенбі күні республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Қазақстан Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Д. Назарбаева халықты баспанамен қамтамасыз етуде нақты қадамдардың жасалмай отырғанын сынға алды. «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында өткен «Халықты баспанамен қамтамасыз етудің жай-күйі мен перспективалары» парламенттік тыңдаудың ұсыныстарын жүзеге асыру барысы туралы» дөңгелек үстел отырысына қатысқан Дариға Назарбаева тыңдаудың өткеніне бір жарым жыл болса да, онда айтылған ұсыныстардың қағаз жүзінде қалғанын атап айтты.

«Депутаттар көктен алып, жаңа дүние ойлап тапқан жоқ. Мәселе «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының жекелеген нақты жоспарын құру туралы болатын», - дей келіп, Мәжіліс Төрағасының орынбасары тұрғын үймен қамтудың қазіргі жай-күйіне тоқталды. «Биылғы 1 қаңтар деректері бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін баспана кезегінде 283 109 адам тұр. Ол үшін мемлекеттің жылына 6 мың пәтер салу жоспарына сүйенсек, кезектегі ең соңғы адам шамамен 44-45 жылдан кейін баспаналы болады деген сөз. Бұл - бүгінгі күннің шынайы көрінісі. Әрине, мемлекеттік қазынаның мүмкіншілігі шектеулі екенін, белгілі бір проблемалардың бар екенін біз жақсы білеміз. Дей тұрғанмен, біз бұл мәселені шешудің айтарлықтай қарапайым және ақылға қонымды тәсілдерін ұсынып отырмыз. Яғни, тұрмысы нашар отбасыларына арналған үшінші-төртінші деңгейдегі қымбат емес баспаналар, шағын отбасылық жатақханалар салып, сол үшін типтік жобалар жасау қажет еді ғой», - деді Д.Назарбаева. Бұл жайында «Айтылған ұсыныстар қағаз жүзінде қала бере ме?» деген мақалада берілген.

Осы басылымда «Бүкіләлемдік биосфералық резерваттар жүйесіне енді» деген материал жарияланды. Таяуда ЮНЕСКО «Адам және биосфе­ра» бағдарламасының (МАБ) Халықаралық үйлестіру комитетінің 26-сессиясының шешімімен қазақстандық екі табиғи резерватқа «ЮНЕСКО биосфералық резерваты» халықаралық мәртебесі бекітілді. Олар «Қатонқарағай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен «Ақжайық» биосфералық аумағы. Екі ерек­ше қорғалатын табиғи ау­мақ­тар ЮНЕСКО Бүкіләлемдік биосфералық резерваттар жүйесіне енгізілген. ЮНЕСКО халықаралық сарапшылары Қазақстан Үкіметінің, МАБ Ұлттық комитетінің және ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жө­ніндегі Ұлттық комиссиясының аталған номинацияларды пысық­таудағы күш-жігерін өте жоғары бағалады. Осылайша, қазіргі таңда Қазақстанда 4 ЮНЕСКО биосфералық резерваты жүзеге асырылуда. Қорғалжын және Алакөл номинациялары 2012-2013 жылдары ЮНЕСКО биосфералық резерваттары мәртебесін алды. Бүкіләлемдік биосфералық резерваттар жүйесіне ену тамаша табиғаттың сақталуына, сондай-ақ, Қазақстанның экономикасы мен туристік әлеуетін дамытуға ықпал жасайды.

***

«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Қазақстанда «қи салығы» бар ма?» атты мақала берілген. Кеше Министрлер кабинетінің отырысында Қазақстанның биылғы 5 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды. Жасыратыны жоқ, онда алаңдатарлық ақпарлар да айтылды. Мәселен, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың мәлімдеуінше, «Қазақстанның экономикалық өсімі бәсеңдеді». - Атап айтқанда, ел экономикасы қаңтар-мамыр айларында 4,1 пайызға өсті, - деді министр Ерболат Досаев. - Ақпан айындағы теңге бағамын түзету нәтижесінде инфляциялық процестердің күшейгендігі байқалуда. Республикада жыл басынан бері инфляция 4,5 пайызға жетті, ал бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 2,1 пайызға жоғары.

Осы басылымның жазуынша, Алматы облысының бір топ кәсіпкерлері «облыстық және қалалық прокуратура біздің түсірген арыз-шағымдарымызды қарамай, өзімізге қысым жасап отыр» деп мәлімдеді. 600-ден аса кәсіпкер қол қойған, Елбасының атына жазылған ашық хат баспасөз бетіне жарияланғаннан кейін, тіпті кәсіпкерлердің ізіне түсіп алыпты. Арнайы баспасөз мәслихатын өткізген кәсіпкерлердің айтуынша, кейбірін кабинеттеріне шақырып алып қорқытуға көшкен. Ал облыс бойынша прокуратураның қатаң қадағалауын қажет ететін күрделі мәселелер қордаланып қалса да, олар басын аулақ салып отыр деп тұжырымдайды кәсіпкерлер.

«Қазақстан заңнамасы бойынша, мемлекеттік қызметкер адал қызмет етуге ант береді. Бірақ талдықорғандық прокурорлар халыққа қызмет ете алмай отыр. Бұған 600 кәсіпкердің қолы қойылған арыз дәлел. Олар облыстық прокуратура басшылығына бірнеше рет хат жазып, үндеу жолдады. Бірақ бұлардың барлығы назарға ілікпеді. Неге? Өйткені прокурорлар Елбасының өзі қол қойған заңды елемейді. Бізде заңды және жеке тұлғалардың арыз-шағымдарын қарау тәртібі туралы заң бар. Бірақ ол іс жүзінде қолданылмайды. Осы жағдайдың барлығы Алматы облысы мен Талдықорған қаласының кәсіпкерлерін, тұрғындарын ашындырып, баспасөз мәслихатын ұйымдастыруына түрткі болды», - дейді «Искра-Жетісу» газетінің бас редакторы Баян Таңатарова. Осы жайында басылымның бүгінгі санындағы «600 кәсіпкер неге наразы?» деген мақаладан оқи аласыздар.

***

«Экспресс-К» басылымында «Один на танцполе воин» атты материал басылды. 26 жасар қазақстандық Айдос Ыбраев YouTube желісінде танымал бола бастады. Атап айтқанда, елордалық жұмысшы өзінің брейк-дансымен мыңдаған интернет аудиторияны өзіне қаратып алды. «Менде ырғақ бар. Осы орайда би өнерінен қол үзбей, билей беруім керек», - дейді өнерлі жігіт. Желіде танылған биін Айдос жұмыс орнында түскі үзіліс кезінде жазып жіберген. Оның осы өнері жайында шетілдік басылым арнайы мақаланы арнаған екен.

***

Қарағанды облысындағы Жәйрем ауылының тұрғындары шегірткенің шабуылына қатты алаңдап отыр, деп хабарлайды «Время» басылымы «Саранчи здесь - километр!» деген материалында.

Жәндіктер елді мекеннің маңындағы егістіктер мен бақшалардағы өсімдіктердің барлығын жайратып кеткен. Қазіргі кезде олар ауыл тұрғындарының аулаларында қаптап кеткен көрінеді. Ал жергілікті билік осы зиянкестермен күресіп әлектенуде.