600 мыңнан астам қазақстандық «Ауруханаға жатқызу бюросы» порталының қызметін пайдаланды

АСТАНА. 19 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстанда пациентке бағытталған және медициналық қызмет көрстеу сапасын жақсартуға арналған Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізілуде.

 Жүйенің бір бөлігі болып табылатын «Ауруханаға жатқызу бюросы» порталы стационар, емхана және пациент арасындағы орталықтандырылған өзара әрекеттестікті қамтамасыз етеді. Осылайша, үстіміздегі жылдың 8 айы ішінде 600 мыңнан астам қазақстандық аталған порталдың қызметін пайдаланған, деп хабарлады pm.kz сайты.

«Республикалық денсаулықты дамыту орталығының» мәліметтеріне қарағанда, 2012 жылдың 8 айы ішінде порталдың қызметін пайдаланған адам саны 21 мыңға артып, 614 мың адамды құраған.

Жолдама берілген науқастардың жалпы санының 87,8 пайызы жоспарлық тәртіпте ауруханаға жатқызылған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 4,1 пайыз артық.

Жоспарлы тәртіпте ауруханаға жатқызылған ауыл тұрғындарының саны - 44,8 пайызды құрайды, бұл өткен жылға қарағанда 2,4 пайызға артық.

РДСО мәліметтеріне қарағанда, 84,9 пайыздан астам қазақстандықтар өз өңірлеріндегі клиникалардың қызметін пайдаланған, республикалық деңгейдегі клиникаларды пациенттердің 13,4 пайызы таңдаған.

Өңірлік клиникаларды таңдаушылар санының артуы облыстық стационарларда көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы жақсарып, медицина қызметкерлерінің біліктілігі артып келе жатқанын көрсетеді.

Бірыңғай ұлттық денсаулық  сақтау жүйесінің бір білшегі ретіндегі «Ауруханаға жатқызу бюросы» порталының енгізілуі медицина қызметінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ науқастар ағыны туралы ақпаратты шоғырландырып, осы мәліметтерді құрылымдық басқаруды қамтамасыз етеді.