62 пойыз бағдарын мемлекет субсидиялап жатыр – министрлік
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Көлік министрлігі жолаушы тасымалындағы вагон мәселесіне түсінік берді.
«Қазіргі кезде еліміз аумағында 140 жолаушылар пойызы, оның ішінде республикалық бюджеттен субсидияланатын 62 әлеуметтік маңызы бар облысаралық маршрут жүреді. Сонымен қатар, жолаушылар вагондарының жалпы паркі 2 667-ге жетті (74% кондиционерлеу жүйелерімен жабдықталған). Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 108 вагон бар. 2023 жылы жолаушыларға арналған 118 вагон сатып алынды, оның ішінде 11 вагон мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған», - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Биыл 140 вагонды жеткізу жоспарланған, оның ішінде 88-і (8 арнайы вагон) пайдалануға берілді.
Айта кетейік, Көлік министрлігі осы жылы күзде егін орағы кезіңінде астық тасымалдайтын вагондармен қамтамасыз ету қадамдарын түсіндірді.
Астық тасымалдау процесіне шамамен 13 мың астық таситын және 15 мың жабық вагон тартылған.