637 медаль! Қазақстан Азия ойындарындағы ең мықты құрамалар қатарында

АСТАНА. KAZINFORM — Жапонияда өтетін ХХ жазғы Азия ойындарының басталуына санаулы күн қалды. Осы орайда Kazinform тілшісі Қазақстан құрамасы сары құрлықтың басты додасындағы жетістіктеріне көз жүгіртіп көрді.

Фото: ҚР ҰОК

Қазақстан Азия ойындарына 1994 жылдан бастап қатысып келеді. 1994-2022 жыл аралығында ел спортшылары 8 жазғы Азиадада өнер көрсетіп, барлығы 637 медаль (165 алтын, 180 күміс және 292 қола) иеленді. Осылайша, ел құрамасы Азия ойындары тарихында ең көп жүлде жеңіп алған командалар қатарынан көрінді (6-орын). Қытай 3 570 жүлде иеленіп, көш бастады. Жапония (3 242 медаль) және Оңтүстік Корея (2 425 медаль) үздік үштікті түйіндеді.

Қазіргі уақытта Қытай алтын жүлде саны бойынша алда келе жатыр, қоржындарында 1 674 алтын медаль бар. Ал Жапония құрамасы 1 084 алтын медалмен екінші орынға жайғасты. Сонымен қатар жапониялық спортшылар күміс медаль саны бойынша қытайлықтардан тек 1 жүлде артта.

Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте ең жоғары көрсеткіш ретінде 4-орынды төрт рет (1994, 2002, 2006, 2014) иеленген. Спортшыларымыз ең көп алтын медалды 2014 жылы Инчхон Азия ойындарында жеңіп алса, 2006 жылғы Дохада ең көп медаль (85 медаль) еншіледі.

Сондай-ақ, қазақстандық спортшылар 2022 жылғы Ханчжоу Азия ойындарында ең төмен нәтиже керсетті. Ұлттық құрама 80 жүлде еншілегенімен, тек 10 алтын медаль жеңіп алды. Осылайша, Қазақстан командалық есепте 11-орыннан көрінді.

Еске салайық, ХX жазғы Азия ойындары 2026 жылдың 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді, ойындардың ұраны — Imagine One Asia («Біртұтас Азияны елестет»).

Осыған дейін хабарлағанымыздай, байрақты бәсекеде Қазақстан ұлттық құрамасының сапынан 558 спортшы бақ сынайды.