6400 адам жүргізуші куәлігін онлайн қызметпен алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда онлайн тәртіпте жүргізуші куәлігін ауыстыру жүйесі іске қосылғалы бері аталмыш қызметті 6400 адам пайдаланған. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының төрағасы Абылайхан Оспанов Фейсбук парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен бұған дейін жүргізуші куәлігін онлайн режимде ауыстыруға болатынын айтқан едім. Айтпақшы, менің өзім де жақында аталмыш қызметті пайдаланып, фотосуретім мен қолтаңбамды телефонға түсіріп, өтініммен бірге жолдадым. Сіз осы арқылы өзіңіздің 2 сағатыңызды үнемдей аласыз. Бізде осыған дейін 6400 адам жүргізуші куәлігін онлайн түрде алған. Оның үстіне, Әсет Тұрысов («Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы - авт.) жаңа дизайнды таңдауға болатынын жария етті», - деді әлеуметтік желідегі парақшасында Абылайхан Оспанов.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының төрағасы осы жазба арқылы жүргізуші куәлігін қалай онлайн ауыстыруға болатыны түсіндірілген шағын видеомен бөлісті.


Еске сала кетсек, біз бұған дейін үйден шықпай жүргізуші куәлігін қалай жаңартуға болатынын жазған болатынбыз. Электронды үкімет порталы (egov.kz) арқылы онлайн тәртіпте жүргізуші куәлігін қалай ауыстыру керектігін мамырда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қоғаммен байланыс департаментінің директоры Мұрат Жұманбай өзінің Фейсбук парақшасында жариялады.