65 ел БҰҰ-ның киберқылмысқа қарсы конвенциясына қол қойды
АСТАНА. KAZINFORM – Вьетнамның Ханой қаласында киберқылмыстың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл жөніндегі алғашқы халықаралық конвенция қол қоюға ашылды. Алғашқы күні оған 65 мемлекет қол қойды. Бұл туралы БҰҰ жаңалықтары хабарлады.
Құжат әр елдің ұлттық рәсімдеріне сәйкес ратификациялануы қажет.
— Киберқылмысқа қарсы БҰҰ конвенциясы бұл киберқылмысқа қарсы біздің бірлескен қорғанысымызды нығайтуға бағытталған қуатты әрі заңды күші бар құрал. Бұл шешім іздеудегі көпжақты тәсілдің өміршеңдігін дәлелдейтін құжат және даму деңгейіне қарамастан, бірде-бір ел киберқылмыс алдында қорғансыз қалмайтынына берілген уәде, — деді БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш қол қою рәсімінде.
Конвенцияның мақсаты — ақпараттық-коммуникациялық технологияларды теріс пайдалану арқылы жасалатын терроризм, адам саудасы, қаржы алаяқтығы және есірткі контрабандасы сияқты қылмыстарға қарсы әрекет ету.
Құжат киберқылмыстың алдын алу шараларының тиімділігін арттыруды, халықаралық ынтымақтастықты күшейтуді және әсіресе дамушы елдердің әлеуетін нығайтуды көздейді.
Конвенцияның негізгі баптары мыналарды қамтиды:
Барлық ауыр қылмыс бойынша электрондық дәлелдерді жинау, алмасу және пайдалану үшін алғашқы жаһандық тетік құру (бұған дейін мұндай халықаралық стандарттар болмаған);
Киберқылмыстарға, интернеттегі алаяқтыққа, балаларды онлайн қылмыстық әрекеттерге тартуға және сексуалдық қанауға қатысты құқық бұзуға қылмыстық жауапкершілік енгізу;
Алғаш рет халықаралық құқықта интимдік бейнелерді рұқсатсыз тарату қылмыс ретінде танылды;
Мемлекеттер арасындағы жедел әрекет ету үшін тәулік бойы жұмыс істейтін алғашқы жаһандық желі құру;
Киберқылмыстарды тиімді тергеу үшін елдердің мүмкіндіктерін дамыту қажеттілігін мойындау.
— Киберқылмыс ұйымдасқан қылмыстың табиғатын түбегейлі өзгертті, ал жаңа БҰҰ конвенциясы мемлекеттерге бұл қауіпке тиімді қарсы тұруға мүмкіндік беретін маңызды құрал болады. Енді біздің міндетіміз — Конвенцияның тезірек күшіне енуін қамтамасыз ету, — деді БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының (UNODC) атқарушы директоры Гада Вали.
Киберқылмысқа қарсы БҰҰ конвенциясын Бас Ассамблея 2024 жылғы желтоқсанда қабылдаған. Құжат 40 мемлекет ратификациялағаннан кейін 90 күн өткен соң күшіне енеді.
Айта кетелік Қазақстан БҰҰ-ның киберқылмысқа қарсы конвенциясына қосылмақ.