65 жастан асқан жүргізушілерге қатысты талап: қай дәрігерлер қарайды, айыппұл бар ма

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде 65 жастан асқан жүргізушілерге қатысты медициналық тексеру мәселесі қызу талқыланып жатыр. Кейбір азаматтар мұны жаңа талап деп қабылдап, жүргізуші куәлігінен айырылып қаламыз ба деген алаңдаушылық білдірді. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі ресми түсіндірме беріп, қолданыстағы тәртіпті түсіндірді.

Фото: Freepik

Қазақстанда 65 жастан асқан жүргізушілердің медициналық тексеруден өту міндеті 2014 жылдан бері қолданыста. 

Тек 25 шілдеден бастап бір ғана өзгеріс күшіне енген. 

— Егер жүргізуші белгіленген мерзімде медициналық тексеруден өтпесе, оның жүргізуші куәлігінің күші автоматты түрде уақытша тоқтатылады. Медициналық тексеруден өткеннен кейін куәліктің күші ешқандай қосымша рәсімсіз автоматты түрде қайта қалпына келеді, — деді ІІМ ресми өкілі.

Медициналық тексеруден қашан өту қажет?

Ресми мәліметке сәйкес, 65 жасқа толған азаматтар бірден медициналық тексеруден өтуге міндетті емес.

Алғашқы міндетті тексеруден азамат 67 жасқа толғанға дейін өтуге тиіс. Осыдан кейін берілетін медициналық анықтаманың жарамдылық мерзімі екі жыл.

Демек келесі тексеру 69 жаста, кейін 71 жаста және әрі қарай әр екі жыл сайын жүргізіледі.

Сондықтан қазір ғана 65 жасқа толған азаматтарға емханаларға жаппай барып, кезекке тұрудың қажеті жоқ.

Медициналық тексеруді қайдан өтуге болады?

ІІМ мәліметінше, жүргізушілер медициналық тексеруден өзіне ыңғайлы медициналық ұйымда өте алады.

Атап айтқанда мемлекеттік емхана, жекеменшік медициналық ұйым мен тұрғылықты жері бойынша немесе басқа қалада өтуіне болады.
Басты талап — медициналық ұйымның осындай тексеруді жүргізуге рұқсаты болуы.

Ал егер азамат медициналық тексеруден белгіленген уақытта өтпесе, жүргізуші куәлігінің күші уақытша тоқтатылады.

Алайда бұл азаматтың жүргізуші куәлігінен толықтай айырылғанын білдірмейді. Медициналық анықтаманы алғаннан кейін жүргізуші куәлігі автоматты түрде қайта жарамды болады.

Сонымен бірге полиция қызметкерлеріне жүргізушілерге ең алдымен жаңа тәртіпті түсіндіріп, ауызша ескерту жасау тапсырылған. Егер адам талап туралы білмеген немесе мерзімді өткізіп алған болса, оған алдымен медициналық тексеруден өту мүмкіндігі беріледі.

Айыппұл қарастырылған ба?

Министрлік мәліметінше, медициналық тексеруден өтпегені үшін заңнамада арнайы айыппұл көзделмеген.

Мұндай жағдайда қолданылатын жалғыз шара — медициналық тексеруден өткенге дейін жүргізуші куәлігінің күшін уақытша тоқтату.
Сонымен қатар ІІМ кей жағдайда медициналық ұйымның ақпараттық жүйеден мәлімет жіберуі кешігуі мүмкін екенін айтты.

Осындай жағдайда жүргізуші полиция қызметкеріне қағаз түріндегі медициналық анықтаманы көрсетсе жеткілікті. Одан кейін қажетті ақпараттың базаға енгізілуін полиция қызметкерлері қамтамасыз етеді.

Қандай дәрігерлерге бару керек?

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жүргізушілер медициналық тексеруден өткен кезде мына мамандардың қарауынан өтеді:
жалпы практика дәрігері немесе учаскелік терапевт;
психиатр;
офтальмолог;
оториноларинголог

Аталған мамандар жүргізушілерді тексеру үшін құрылатын арнайы дәрігерлік комиссияның құрамына кіреді. Олар жүргізушінің көлік құралын басқаруға кедергі келтіретін медициналық қарсы көрсетілімдердің бар-жоғын анықтайды.

Сондай-ақ медициналық тексеру барысында биологиялық орталардан психоактивті заттарды анықтауға арналған зерттеу жүргізіледі.
Ал психикалық денсаулық ұйымында есепте тұрған немесе ағзасында психоактивті заттардың алмасу өнімдері анықталған жағдайда азаматтарды көлік басқаруға жіберу мәселесін дәрігерлік-консультациялық комиссия қарайды.

Қажет болған жағдайда мұндай азаматтарға қайта медициналық тексеруден өтетін мерзім белгіленеді. Қайта медициналық тексеру мерзімі кемінде бір жылдан кейін ғана жүргізіледі. 

Сонымен қатар комиссия мүшелерінде азаматтың денсаулық жағдайына қатысты күмән туындаса, оны қосымша тексеруге немесе бейінді мамандардың консультациясына жіберуге болады.

Көлік жүргізуге жарамдылығы туралы қорытынды негізгі және қосымша тексерулердің нәтижесіне сүйене отырып шығарылады.

Медициналық тексеру ақылы ма?

Денсаулық сақтау министрлігі жүргізушіге берілетін № 073/у анықтамасы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне де, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне де кірмейтінін мәлімдеді.

Сондықтан бұл мемлекеттік қызмет ақылы.

Қызмет құнын Денсаулық сақтау министрлігі белгілемейді. Баға өңірге және медициналық ұйымға байланысты әртүрлі болуы мүмкін.

Комиссия шешімімен келіспеген жағдайда не істеуге болады?

Егер азамат медициналық комиссияның шешімімен келіспесе, мемлекеттік қызмет көрсетушінің басшысының атына шағым түсіре алады.
«Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» заңға сәйкес, мұндай шағым бес жұмыс күні ішінде қаралады.