65 жылдық қызметтен кейін: Qarmet кокстық батареяларды түбегейлі жаңартуға кірісті
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Qarmet компаниясы № 8–9 жаңа кокстық батареяларын тұрғызудың шешуші кезеңіне өтті: металлургиялық комбинаттың құрылыс алаңында болашақ фундаменттің алғашқы бетоны құйылып, нысанның нақты құрылысы ресми басталды. Бұл — Қазақстандағы ең ірі кокстық агрегаттарды салу жобасының жаңа белесі.
Алғашқы бетонның қабылдануы жобалау және дайындық кезеңінен негізгі технологиялық кешендерді салуға түбегейлі көшкенін білдіреді. № 8 және № 9 батареялар кәсіпорындағы ең озық, ең қуатты әрі ең экологиялық тиімді агрегаттар болмақ. Жылдық өнімділігі — 1,5 млн тонна құрғақ кокс. Бұл домна өндірісін ұзақ мерзімді әрі тұрақты қамтамасыз етіп, комбинаттың өндірістік тұрақтылығын айтарлықтай арттырады.
Жаңа құрылыс кәсіпорынның даму тарихында жаңа парақ ашады. 1960 жылдары іске қосылған, 65 жылдан астам уақыт үздіксіз жұмыс істеген № 1–4 батареялардың ресурсы толық сарқылған соң кезең-кезеңімен тоқтатылып, пайдаланудан шығарылмақ. Олардың орнына келетін заманауи агрегаттар экологиялық жүктемені азайтып, өндіріс шығындарын төмендетеді, ал қызметкерлер үшін қауіпсіздігі жоғары, автоматтандырылған жаңа жұмыс ортасын қалыптастырады.
— Біз № 8 кокстық батареясының фундаменттік плитасын құюды бастадық, алғашқы бетон сәтті қабылданды. Бұл — жобаның табысты жүзеге асатынына сенім беретін маңызды кезең. Алда қомақты құрылыс жұмыстары тұр, және біздің команда оны белгіленген мерзімде толық орындауға дайын, — деді Qarmet компаниясының капиталық құрылыс жөніндегі директоры Алексей Сидоренко.
Құрылыс жұмыстары Qarmet компаниясы мен коксохимиялық инжиниринг саласында әлемдік жетекші саналған ACRE Coking & Refractory Engineering Consulting Co арасындағы бас мердігерлік келісім аясында жүргізіліп жатыр. ACRE — Қытай металлургиялық нарығында 95%-дан астам үлеске ие ірі мемлекеттік инжиниринг құрылымы. Компания әлем бойынша мыңнан астам инженерлік және консалтингтік жобаны жүзеге асырған, оның 130-дан астамы бас мердігер ретінде орындалған.
Жобаның жалпы инвестициялық құны шамамен 369 млн АҚШ доллар. Қаражат коксохимиялық инфрақұрылымның толық циклін, инженерлік желілер мен барлық қосалқы жүйені салуға бағытталып отыр. Теміртау металлургтері жаңа агрегаттардан алғашқы коксты 2027 жылы алмақ.
№ 8–9 батареяларын тұрғызу — Qarmet компаниясының кең ауқымды жаңғырту стратегиясының негізгі құрамдас бөлігі. Бағдарлама металлургиялық және тау-кен өндірістерін жаңартуды, өндірістік нысандарды қайта жаңғыртуды, техникалық инфрақұрылымды жаңаша деңгейге көтеруді қамтиды. Бұл өзгерістер комбинатта жүріп жатқан қайта жаңғырту кезеңінің тереңдігі мен маңызын айқын аңғартады.