66 жастағы өзбекстандық велосаяхатшы халықаралық веломарафон аясында Қызылордаға аялдады
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Өзбекстандық опера әншісі, велосипедші және спорт ардагері Хурсанд Шеров ұйымдастырған бірегей веломарафон 10 наурыз күні Ташкенттен басталған болатын.
Оған қатысушылар бүгін Қызылордаға табан тіреді. Облыс орталығында орналасқан Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледжіне барып, колледж ұжымымен кездесті.
– Іс-шара барысында екінші дүниежүзілік соғыс батыры Мәншүк Мәметованың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Қаһарман қазақ қызының жанқиярлық ерлігін ұмыт қалдырмау туралы өнегелі әңгіме өрбіді. Хурсанд Шеровке қызылордалықтар атынан велоспорттан ұлттық құраманың жейдесі табысталды, – деп хабарлады облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасынан.
Айта кетейік, 66 жастағы спортшы бұл шараны Жеңістің 80 жылдығына арнап отыр. Ол осылайша Орталық Азия халықтарының ортақ іске қосқан үлесін көрсеткісі келеді. Марафон бағыты Қазақстан аумағы арқылы өтеді және 2025 жылғы 9 мамырда Мәскеуде аяқталады.
Жыл басында біз Жеңістің 80 жылдығын тойлаудың бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілетінін жазғанбыз.