67 жастағы марокколық мотоциклмен бірнеше елді басып өтіп, Қызылордаға жетті

Фото: Әбуфирасс Әбділғанидың жеке мұрағатынан

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – 22 мамырда Марракеш-Алматы мотоцикл турымен жолға шыққан марокколық кәсіпкер және саяхатшы Әбуфирасс Әбділғани 11 маусым күні Қызылорда қаласына аялдады. Kazinform тілшісі жиһанкезбен жолығып, сөйлесті. 

Goldwig маркалы мотоциклімен ол Еуропаның бірнеше елін, Түркия, Грузия және Әзербайжанды кесіп өткен. Каспий теңізі арқылы Қазақстанға жетіп, Ақтау, Ақтөбе, Арал қалаларында болды. 

Фото: Назерке Саниязова

Әр елдің, әр халықтың өз ерекшелігі барын айтқан кейіпкеріміз қазақтың қонақжайлығына тәнті. 

- Қазақ ашық-жарқын, қиындықта қалған адамға көмектесуге ұмтылатын, қолда барын бөлісуден аянып қалмайтын халық екен. Өз басым мұндай қасиетті, мысалы, еуропалықтардың бойынан байқамадым, - деді Әбуфирасс Әбділғани. 

Фото: Әбуфирасс Әбділғанидың жеке мұрағатынан

Аралға барар жолда екі аяқты көлігі бұзылып қалған. Сол кезде жерлестеріміз танымаса да өзіне көмектесіп, далада қалдырмағанына дән риза. 

- Мотоцикл менің жолдағы серігім, досым десем де артық айтқаным емес. Техника болғасын аяқасты бұзылып қалатын сәттер кездеседі. Бірақ құдай мені ешқашан жалғыз қалдырып көрген жоқ. Байланыс ұстамайтын жерде де сәтін салып, көмектесетін адамдарды жолықтырады. Кейбірімен кейін жақсы араласып, дос болып кеттік, - деді велосаяхатшы. 

Фото: Әбуфирасс Әбділғанидың жеке мұрағатынан

67 жастағы жиһанкездің 10-нан астам көлігі бар. Соның 4-ін кезектесіп пайдаланып жүр. Қалғаны істен шықса да сақтап қойған. Өйткені мотоциклмен байланысты әрбір естелік қымбат. Шетелдік жиһанкез осыған дейін әлемнің 60-тан астам елін аралаған. Биыл төртінші рет саяхатқа шығып отыр.

Мараккеш-Алматы турында шамамен 10 мың шақырым жолды артта қалдырыпты. 23 күні жолда, мотоцикл үстінде өткен. Бұдан кейін Түркістанға аялдап, Тараз арқылы Алматыға жетуді жоспарлап отыр. 

- Үлкен саяхатқа жалғыз шыққанды жақсы көремін. Өйткені өзіңмен өзің боласың, саған ешкім кедергі келтірмейді, өз тәртібіңді өзің құрасың, - деді Әбуфирасс Әбділғани. 

Кейіпкеріміз әрбір сапарын таспалап отырады. Қазақстандағы сапары бойынша да бейнефильм түсіріп, елімізді Мароккода және әлемде танымал етуге үлес қосқысы келеді. Сондай-ақ екі елде туризмді дамытып, өзара байланысты одан әрі дамытуға ынталы. 

Бұған дейін біз өзбекстандық опера әншісі, велосипедші және спорт ардагері Хурсанд Шеров ұйымдастырған бірегей веломарафон 10 наурыз күні Ташкенттен басталып, Қызылордаға тоқтағанын жазған едік.