КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - 68 жастағы көкшетаулық ардагер велошабандоз «Trackman 2020» жарысында ел чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, Нұр-Сұлтан қаласында ардагерлер мен әуесқойлар арасында «Trackman 2020» тректегі велоспорттан Қазақстан Республикасының ашық чемпионаты өтті.
«Жарысқа Қазақстан, Ресей және Германиядан келген 60-тан астам спортшы қатысты. Оның ішінде КСРО спор шебері, 68 жастағы көкшетаулық велошабандоз ардагер Валерий Карагаев 1000 метр қашықтықта жекелей және соңынан еру әдістері бойынша екі алтын медаль иеленді», - дейді Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Махаббат Большина.
Аслан Оспанов
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде оқыған. Мақалалары республикалық, облыстық және қалалық газеттерде жиі жарияланып келді. «Қазақстан» РТРК» акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалында, «Арқа ажары» газетінде қызмет атқарды. 2014 жылдан бері «KAZINFORM» ХАА-де жұмыс істейді.