Kazinform агенттігінің тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында ол жасанды интеллект пен 6G желілерінің күнделікті өмірімізді қалай өзгерте алатынын және Қазақстанның неліктен екінші Кремний алқабына айналуға ұмтылмауы керектігін түсіндірді.
— Жасанды интеллект қазірдің өзінде өміріміздің барлық саласына белсенді түрде енгізіліп келеді. Сіз жасанды интеллект пен жаңа буын байланыс желілерінің өзара іс-қимылын зерттеп жүрсіз. Жасанды интеллект пен 6G инфрақұрылымы қоғамның ажырамас бөлігіне айналған кезде, болашақтағы күнделікті өмір қандай болмақ?
— Меніңше, басты өзгеріс — жасанды интеллектінің жеке «қосымша» ретіндегі сипатының біртіндеп жойылуы болмақ. Бүгінде көмек қажет болғанда, ChatGPT немесе басқа да жасанды интеллектіге негізделген қызметті саналы түрде іске қосамыз. Ал болашақта ЖИ телефондарымызда, көлікте, үйлерімізде, бизнес нысандарында, қалалар мен байланыс желілерінде тұрақты болады.
Дәл осы жерде 6G ерекше маңызға ие. 6G тек құрылғыларды ғана емес, сонымен қатар интеллектіні біріктіреді деп жиі айтып жүрмін. Желі енді тек ақпарат беру арнасы болмайды. Оның қоршаған ортадағы рөлі артады, яғни не болып жатқанын анық түсіне алады, есептеу ресурстарын бөледі, жасанды интеллект агенттерін үйлестіреді және нақты уақыт режимінде жауап береді.
Басқа елге саяхаттаған кезде, лезде аударманың арқасында кез келген адаммен еркін сөйлесу мүмкіндігін елестетіп көріңіз. Бұдан бөлек, тек басқа көліктермен ғана емес, сонымен қатар жолдармен, инфрақұрылыммен және жақын маңдағы сенсорлармен де ақпарат алмасатын автомобильдер кеңінен таралады.
Денсаулық сақтау саласында тағып жүретін құрылғылар ауытқуларды әлдеқайда ерте анықтау үшін зияткерлік жүйелермен үздіксіз өзара әрекеттесе алатын болады. Білім беру саласында әрбір оқушы жеке жасанды интеллект репетиторының көмегін пайдалана алады. Ал өнеркәсіпте машиналар, роботтар мен желілер ақаулар орын алмас бұрын оларды бірлесіп болжай алатын деңгейге жетеді.
Осылайша, ең маңызды технологиялық өзгеріс – жәй ғана желіге қосылған жүйеден өзара біріктірілген интеллект желісіне көшу. Бұл қадам 6G технологиясын дамытуға қатысты халықаралық тұжырымдамада көрініс тапқан. ITU IMT-2030 негіздемелік бағдарламасы тек байланыс жылдамдығының артуын ғана емес, сонымен қатар барлық жерде қолжетімді байланысты, жасанды интеллект пен байланыс технологияларының интеграциясын қарастырады.
Дегенмен, бұл өзгерістің тағы бір қыры бар. Бұл интеллект технологиялары барлық салаға енген сайын киберқауіпсіздік, жеке деректердің құпиялылығы, тұрақтылық пен сенім бұрынғыдан да маңыздырақ бола түспек. Сондықтан нағыз табысқа ең көп алгоритмді қолданатындар емес, интеллектіні пайдалы, қолжетімді, қауіпсіз әрі сенімді ете алатын қоғам қол жеткізеді.
— Сіз Қазақстан Президенті жанындағы Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің мүшесісіз. Бүгінде Қазақстанда жасанды интеллектіні дамытудың қай бағыттарына барынша назар аудару қажет? Сондай-ақ, еліміз қай салаларда халықаралық нарыққа шығуға қабілетті өз шешімдерін әзірлей алады?
— Меніңше, Қазақстан үшін келесі кезең жасанды интеллектіні тек пайдаланудан оны жасауға, сондай-ақ сынақтардан тәжірибе жүзінде енгізуге көшуді қамтуы тиіс. Бұл үдерістің үш негізі бар.
Біріншісі – адами капитал. Түптеп келгенде, елдер графикалық процессорлар арқылы емес, сол процессорларды пайдалана білетін адамдардың арқасында бәсекеге түседі. Қазақстанға зерттеушілер, инженерлер, кәсіпкерлер және нақты мәселелерді шешуде жасанды интеллектіні қалай қолдану керектігін түсінетін дәстүрлі сала мамандары қажет.
Екіншісі – инфрақұрылым: есептеу қуаты, сапалы деректер, сондай-ақ зерттеушілер, стартаптар, университеттер мен компаниялар нақты қол жеткізе алатын ұлттық модельдер мен платформалар. Қазақстан ұлттық есептеу инфрақұрылымы, Alem.ai мен жасанды интеллект саласындағы ұлттық модельдердің арқасында бұл бағытта айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді.
Үшінші құрамдас бөлік — бұл өнеркәсіптік жасанды интеллект. Қазақстанға Кремний алқабында немесе Қытайда жасалып жатқан дүниелердің бәрін қайталаудың қажеті жоқ. Қазақстанда қандай оңтайлы деректер, тәжірибе, инфрақұрылым немесе өнеркәсіптік міндеттер бар?
Бұл тұрғыда тау-кен және металлургия салалары айқын мысал бола алады. Жасанды интеллектіні болжамды техникалық қызмет көрсету, автономды операциялар, геологиялық модельдеу, қауіпсіздікті арттыру, энергия тұтынуды оңтайландыру және өндірістік нысандардың цифрлық көшірмесін жасау үшін пайдалануға болады.русл
Мүмкіндіктердің тағы бір маңызды саласы - энергетика секторы. Жасанды интеллект генерацияны, сұранысты, желілерді және күрделі энергетикалық жүйелерді басқаратын болады. Қазақстанның Энергетика министрлігі жасанды интеллект пен цифрлық көшірмеге негізделген трансформация стратегиясын әзірлеуде.
Ауыл шаруашылығы маңызды бағыттардың бірі. Себебі Қазақстанның кең ауқымын ескерсек, бұл салада тың қадамдар керек. Спутниктік түсірілімдер, автономды техника, күн райын болжау, суды пайдалануды оңтайландыру және егістіктерді заманауи тәсілдермен басқару бағытында Қазақстан сұранысы жоғары шешімдерді әзірлеуге қауқарлы. Кейіннен осының барлығын өзге елдерге ұсына алады.
Логистика - тағы бір перспективалы сала. Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы географиялық орналасуы ақылды логистиканы, мультимодальды тасымалды, теміржол тасымалын оңтайландыруды және цифрлық дәліздерді ерекше маңызды етеді.
Қазіргі кездегі басты міндет – құн тізбегінде жоғары деңгейге көтерілу, яғни бағдарламалық қамтамасыз ету қызметтерін экспорттаудан зияткерлік меншікті, ЖИ платформаларын және салалық бағыттағы ЖИ өнімдерін экспорттауға көшу.
— Мамыр айында өткен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект саласына қатысты тапсырмалар берді. Президенттің тапсырмаларын орындау бағытында қандай нақты қадамдар жасадыңыздар? Қазіргі уақытта қандай бастамалар пысықталып жатыр және жақын арада қандай нақты нәтиже болады?
- Ең алдымен, маңызды бір айырмашылықты атап өткім келеді. Кеңес – консультативтік және стратегиялық орган. Оның міндеті – басымдықтарды айқындау және даму бағытын қалыптастыруға жәрдемдесу мақсатында мемлекеттік органдардың, өнеркәсіп саласының, академиялық қоғамдастықтың өкілдері мен халықаралық сарапшылардың басын қосу. Ал нақты іске асыру жұмыстарын министрліктер, университеттер, ұлттық компаниялар, стартаптар және кәсіпорындар атқарады.
2026 жылғы 4 мамырда өткен Кеңестің екінші отырысында талқылау бағыты жасанды интеллектіні (ЖИ) тек технологиялық тақырып ретінде қарастырудан оны экономикалық өнімділікті арттыру құралы ретінде қарастыруға ауысты. Басым бағыттар қатарына тау-кен және металлургия өнеркәсібі, энергетика, ауыл шаруашылығы және логистика, сондай-ақ цифрлық телнұсқа, өндірістік деректер мен автоматтандыру енгізілді. Мен де бұл талқылауға өз үлесімді қосу мүмкіндігіне ие болдым.
Жұмысымда мен негізінен үш бағытқа назар аударамын. Біріншіден, біз жалпы мақсаттағы жасанды интеллектіден «AI X» моделіне көшуіміз керек, яғни жасанды интеллектіні энергетика, телекоммуникация, өндіріс, ауыл шаруашылығы, қаржы, білім беру немесе мемлекеттік басқару сияқты салалармен ұштастыру қажет. Нақты экономикалық құндылық тағы бір жалпы қолданыстағы чат-ботты жасаудан емес, нақты салаға тән процестерді, деректерді, шектеулер мен жұмыс ағымдарын түсінетін жүйелерден пайда болады.
Екіншіден, зертханалық зерттеулер мен оларды іс жүзінде енгізу арасындағы алшақтықты жою қажет. Зерттеу жұмысы, сынақ немесе прототип – бұл тек бастамасы ғана. Университеттердің нақты өндірістік деректермен жұмыс істеуіне, компаниялардың ұзақ мерзімді зерттеулерді қаржыландыруына, стартаптардың зияткерлік меншікті коммерцияландыруына және сәтті прототиптердің ұлттық деңгейде ауқымын кеңейтуіне мүмкіндік беретін тетіктер қажет.
Үшіншіден, Қазақстан өз елінің әлеуетін халықаралық деңгейдегі ашықтықпен ұштастыруы тиіс деп санаймын. Бұл екеуі бір-біріне қарама-қайшы емес. Елге жасанды интеллект саласындағы маңызды технологияларды өз бетінше түсіну, бейімдеу әрі енгізу мүмкіндігі қажет, сонымен қатар әлемдегі үздік зерттеушілермен және компаниялармен ынтымақтастық орнату да маңызды.
Бұл ретте осы экожүйенің бірқатар нақты элементтері жоспарлау кезеңінен іс жүзінде жүзеге асыру кезеңіне өте бастады.
— 6G технологиясы көбінесе мобильді байланыс дамуындағы келесі кезең ретінде сипатталады. Экономика мен қоғамға тигізетін нақты әсері тұрғысынан алғанда, 6G-дің қай мүмкіндіктерін ең перспективалы деп санайсыз? Олардың қайсысы Қазақстан үшін ерекше маңызды болуы мүмкін?
— Ең алдымен, 6G-дің басты мақсаты смартфондардың жұмысын жылдамдату деген пікірге күмән келтірер едім. Байланыс жылдамдығының артатыны сөзсіз, алайда экономикалық тұрғыдан алғанда, бұл ең маңызды артықшылық болмауы да мүмкін. Мұнда үш бағыт ерекше маңызға ие.
Бірінші аспект – барлық жерде қолжетімді байланыс. Болашақ желілер жерүсті мобильді желілерін, спутниктерді, әуе платформаларын және басқа да байланыс жүйелерін өзара біріктіре түседі. Қазақстан сияқты аумағы кең ел үшін бұл аса маңызды.
Екінші трансформация зондтау қызметі мен байланыс функцияларының бірігуін қамтиды. Болашақ базалық станциялар тек деректерді берумен шектелмейді. Радиосигналдарды нысандарды анықтау, тұрған жерін белгілеу, қоршаған ортаны картаға түсіру немесе қозғалысты бақылау үшін пайдалануға болады. Қазақстан үшін ауыл шаруашылығында, тау-кен өнеркәсібінде, көлікте және теміржол секторында, сондай-ақ құбырлар мен инфрақұрылымды бақылау және кең аумақтардағы төтенше жағдайларға әрекет ету операцияларында өзекті болуы мүмкін.
Үшінші бағыт – бастапқы кезеңнен жасанды интеллект негізінде жобаланған желілер. Қазіргі уақытта желілерде ЖИ қосымша оңтайландыру құралы ретінде қолданылса, болашақта ол желі архитектурасының ажырамас бөлігіне айналады. Желілер сұранысты болжап, ресурстарды бөледі, ауытқуларды анықтайды және қызметтерді автоматты түрде үйлестіреді. Бұл миллиондаған құрылғылар, автономды көліктер, роботтар, дрондар, датчиктер және ЖИ агенттері өзара әрекеттесе бастаған кезде ерекше маңызға ие болады.
Қазақстан үшін ашылатын мүмкіндіктерге тоқталсам, 6G технологиясы іргелі мәселені, яғни осы ұлан-ғайыр аумақтың әрбір түкпіріне тек байланыс қана емес, сонымен қатар жасанды интеллект жеткізу мәселесін шешуге көмектесе алады. Бұл — смартфондардағы байланыс жылдамдығын арттырудан әлдеқайда маңыздырақ трансформация болуы мүмкін.
— Жасанды интеллект саласына зерттеушілерді, инженерлер мен кәсіпкерлерді тарту үшін не қажет?
- Дарынды адамдар өз әлеуетін барынша толық аша алатын жерде қалады. Әлемдік деңгейдегі зерттеуші: «менде есептеу ресурстарына қолжетімділік бола ма? Мықты студенттерді тарта аламын ба? Дарынды әріптестермен жұмыс істей аламын ба? Маңызды зерттеулерді жариялай аламын ба? Өз идеяларыма негізделген компания құра аламын ба? Шынымен маңызды мәселелермен айналыса аламын ба?» деген сұрақтарды қояды. Сондықтан елдер осындай қолайлы ортаны қалыптастыруы қажет.
Күрделі мәселелерді шешу үшін университеттерге мықты зерттеушілер, талпынысы жоғары студенттер, есептеу инфрақұрылымы және жеткілікті деңгейдегі зияткерлік еркіндік қажет. ЖОО-лар тек қысқа мерзімді жобалармен шектелмеуі тиіс. Дегенмен, университеттер оқшау жұмыс істей алмайды.
Компаниялар университеттерге нақты өмірдегі мәселелер мен шынайы деректер жиынтығын ұсынуы керек. Ең тиімді үлгілердің қатарына бірлесіп қаржыландырылатын зертханалар, өндіріспен байланысты PhD бағдарламалары, зерттеушілермен алмасу және ұзақ мерзімді зерттеу бастамалары жатады.
Технологиялар трансфері маңызды рөл атқарады. Егер профессор немесе студент құнды жаңалық ашса, оларға оны патенттеудің, лицензиялаудың немесе стартап құрудың салыстырмалы түрде қарапайым жолы қажет. Көптеген табысты зерттеу экожүйелерінің қызметі ғылыми жарияланым деңгейінде шектеліп қалады. Ал келесі кезең үшін венчурлық капитал қажет болады. Бұл әсіресе коммерцияландыру процесі алты ай емес, бес немесе он жылға созылуы мүмкін «терең технологиялар» саласында өте маңызды.
Атап айтқанда, талантты тұлғалар әлемдік ғылыми қауымдастықпен байланысты сезінуі тиіс. Зерттеушілер шетелде уақыт өткізіп, қайтып оралу мүмкіндігіне ие болуы керек. Халықаралық ғалымдар Қазақстанда жұмыс істей алуы қажет. Стартаптар алғашқы күннен бастап әлемдік клиенттерге бағытталғаны жөн.
— Бүгінде әлем елдері өздерінің жасанды интеллект модельдері мен есептеу инфрақұрылымын дамытуға және технологиялық тәуелсіздікке қол жеткізуге ұмтылуда. Орташа көлемді экономика әлемдегі ірі технологиялық орталықтармен бәсекелесе ала ма?
- Әрине, бірақ бұл тұрғыда бәсекелестік ұғымын дұрыс айқындау керек. Орташа көлемдегі ел АҚШ немесе Қытайдан асып түсетін шығын жұмсап, ең ауқымды әмбебап модельді жасау арқылы жеңіске жетуге тырыспағаны жөн болар. Бұл – қисынсыз стратегия, әрі оның қажеттілігі де жоқ.
Технология тарихы шағын елдердің белгілі бір салаларға мамандану арқылы жаһандық деңгейде маңызды рөл атқара алатынын бірнеше рет дәлелдеді. Сондықтан: «Біз әлемдегі ең ірі жасанды интеллект моделін жасай аламыз ба?» деп сұрақ қою дұрыс емес. Оның орнына: «Біз бірегей тәжірибеміз, деректеріміз немесе экономикалық артықшылықтарымыз бар салаларда әлемдегі ең үздік ЖИ жүйелерінің бірін жасай аламыз ба?» деп сұрағанымыз жөн.
Ел бір деңгейде ашық технологияларды пайдалана алады, екінші деңгейде егеменді мүмкіндіктерін дамыта алады, есептеу инфрақұрылымы бойынша халықаралық серіктестермен ынтымақтаса алады және өзінің зерттеу инвестицияларын шынымен бәсекелестік артықшылық жасай алатын салаларға бағыттай алады. Сондай-ақ, технологиялық егемендікті тереңірек түсіну қажет деп санаймын.
Егемендік технологиялық оқшаулануды білдірмейді, ол – технологияларды таңдай алу мүмкіндігі.
Сонымен қатар, бүгінде ешбір маңызды жасанды интеллект экожүйесі оқшау дами алмайды. Жартылай өткізгіштер, бұлтты технологиялар, ғылыми зерттеулер, ашық бастапқы кодты модельдер және білікті мамандар – бәрі де жаһандық ресурстар. Қазақстан қазірдің өзінде осы компоненттердің бірқатарын қалыптастыруда: ұлттық ЖИ модельдері, есептеу инфрақұрылымы, Alem.ai, ЖИ саласындағы мамандандырылған университет және технологиялық экспорт секторының кеңеюі.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде мемлекеттік қызметшілер жасанды интеллект бойынша оқып жатқаны жайлы жазған едік.